11.07.2019, 18:15
Қараулар: 294
«Мектепке жол» акциясына белсенді қатысуға шақырды

«Мектепке жол» акциясына белсенді қатысуға шақырды

Бүгін Қаратөбе ауданында жылдағы дәстүрге сай оздырылып келе жатырған ауқымды шара, игі іс «Мектепке жол» республикалық акциясының басталуына байланысты баспасөз  конференциясы оздырылды.

 

Бүгінгі баспасөз конференциясына Қаратөбе ауылдық округі әкімі, бөлім басшылары мен мекеме басшылары, аудандық білім беру бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Биыл «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы 3 шілдеден басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Акция жылдағыдан бір ай бұрын басталып, «Жүректен жүрекке!» ұранымен өтуде.

Аз қамтылған, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін материалдық және басқа да көмек көрсету акцияның басты мақсаты болып отыр.

Конференция жұмысына төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан: – Адам өміріндегі ең игі істерінің бірі-мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейрімділік  танытуы арқылы жақсылық жасайды. «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың дана сөзі бар. Сіз болып, біз болып барлығымыз балалардың қамы қамы үшін қол ұшын созайық, — деді.

Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың  айқын көрінісі.

Баспасөз барысында қатысушылар пікірлерін ортаға салып, ұйымшылдық таныту арқылы балалардың оқу процесіне дайындықпен баруы басты назарда ұсталатындығын жеткізді.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы