30.06.2018, 13:25
Қараулар: 109
Мерейтойға арналды

Мерейтойға арналды

29 маусым күні Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында және Астана қаласының 20 жылдығы, Қаратөбе ауданының 90 жылдығына орай «Алтын діңгек – өзім туған босағам» атты ауыл күндері фестивалінде Қаратөбе ауылдық округінің өнерпаздары өнер көрсетті.  

Аудандық мәдениет үйінің алдында, ашық аспан астында өткен концертті мың бұралған бишілер «Білезік» биімен ашты.

Мерекелік кешті өңірімізге белгілі әнші-термешілер Асхат Оразов пен Армат Исламғалиев Мұхиттың «Үлкен айдай», «Кіші айдай» әндерін, Сартайдың «Ақын шабыты» темесін құбылта орындап, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. 

 

Сазды кеште сахнаның сәнін келтірген Альфия Исламова «Астанаға арнау», Аягүл Бисенғалиева отбасымен «Астана», Әлия Жұбашева «Қоскөл кеші», Мағзом Есендосов «Сұлу Көкше», Раймбек, Назира Абаевтар «Біз бақытты жандармыз», Алина Оспанова «Нұр-Астана» әндерін асқақтата шырқап берді.

 

Мерекелік концертте жерлесіміз, халықаралық Е.Хасанғалиев әндерін орындаушылардың «Атамекен» байқауының лауреаты, әнші-актер Асхат Үрпеков сахнаға көтеріліп «Ауылды аңсау», «Сен сұлу», «Достар», «Жаным десем бола ма?!» әндерін шырқап көрермендер көңілін бір серпілтіп тастады.

 

Кешті жергілікті әнші Жасұлан Темірғалиев «Қаратөбем», «Атамекен» әндерімен қорытындылады.

Жоғары дәрежеде өткен сазды кеште сөз сөйлеген Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ғалымгерей Қайырғалиев қаратөбеліктерді ауданның 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, концертке атсалысқан барша өнер өкілдеріне алғысын жеткізді.

 

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы