30.11.2018, 18:18
Қараулар: 52
Мереке құрметіне аудан біріншілігі

Мереке құрметіне аудан біріншілігі

Бүгін «Қаратөбе» спорт клубында 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған үстел теннисінен ерлер мен әйелдер арасында аудан біріншілігі өтті.

Бұқаралық спортты дамыту аясында салауатты өмір салтын ұстанып, спорт өнерін жанына серік етіп жүрген 40-қа жуық спортшылар жарыс көрігін қыздырды.

Спорт додасына барлық ауылдық округтерден ойыншылар қатысып, өз округтерінің намысын қорғады.

Аудан біріншілігінің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан құттықтау сөз сөйлеп, аудан біріншілігінде бақ сынайтын  спортшыларға жеңіс тіледі.

Ойын барысында қатысушылар шапшаңдық пен ептілік, көзбен мөлшерлеу, тез шешім қабылдау, ойлау сынды қасиеттерді ұштастыра отырып көркем ойын өрнегін көрсете білді.

Үш топқа бөлінген ойыншылар қимыл ширақтығымен, шабуылдарының шапшаңдықтарымен есеп айырмасын еселей түсті.

Аталмыш жарысқа спортшылардың көптеп қатысуы, ауданымызда үстел теннисінің жақсы жолға қойылғандығын айғақтай түсті.

Ашық бәсекеде ерлер арасында І орынды Бауыржан Шүрмен (Қаратөбе), ІІ орынды Қуаныш Құбашев (Сулыкөл), ІІІ орынды Медетхан Қуанғалиев (Саралжын) еншіледі.

Ал, әйелдер арасында І орынды Ирина Шабдарова (Шөптікөл), ІІ орынды Гүлжихан Аманшина (Қаратөбе), ІІІ орынды Гүлдана Қорғанбаева (Сулыкөл) иеленді.

Ойын барысында «Ардагер ойыншы» аталымымен ерлер арасында Медетхан Қуанғалиев (Саралжын), әйелдер арасында Ирина Шабдарова (Шөптікөл), «Жас ойыншы» аталымымен ерлер арасында Еділ Ақболатов (Қоскөл), қыздар арасында Гүлсана Шакенова (Егіндікөл) марапатталды.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,
Қаратөбе ауданы