20.06.2019, 12:50
Қараулар: 126
Мобильді топ мүшелері округтерде

Мобильді топ мүшелері округтерде

 19 маусым күні  «Парасыз болашаққа. Бірге!» мобильдік тобының мүшелері ауданның солтүстігінде орналасқан қос ауылдық округте болды. Алдымен Қоскөл ауылына, түстен кейін көршілес Егіндікөл округіне барған сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған мобильдік топ өкілдері жергілікті халықпен жиын өткізді.

Мобильдік топтың негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, халыққа түсіндіру, ақпараттық насихат жұмысын жүргізу болып табылады.

Қоскөл ауылдық мәдениет үйіне жиналған ауыл тұрғындары алдында мобильдік топ мүшелері баяндама жасады.

М.Мералиев атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі, аудандық мәслихаты  депутаты  Нұрлан Меңдешов, «Жайық Пресс» ЖШС Қаратөбе аудандық филиалының директор-редакторы Серікбай Хасанов сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселе бойынша сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселе болып отырғандығын, қоғам кеселімен күресу басты міндет екендігін, пара беру де, пара алу да пайдалы іс еместіктерін тілге тиек етіп, өскелең жастарға үлгі боларлық іс қалдыруға шақырды.

Азаматтардың мемлекеттік билік институтына сенімін арттыру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, тұрмыстық жемқорлықты жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында құрылған «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы туралы  аудан әкімі аппараты персоналды басқару қызметі бөлімінің бас инспекторы Набира Марбанова  тұрғындарға кеңінен түсіндірді.

Ауылдық округтерде ауыл тұрғындарына мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер туралы консультациялық көмек беру, қызметтерді ыңғайлы алуға жағдай жасау, компьютерлік сауаттандыру (e.gov), ауыл болашағын жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып ашық талқыға салу, мемлекеттік органдарда ашықтықты қамтамасыз ету және қоғам тарапынан бақылауды күшейту, ауылдық округтер ғимараттарында  «Қауіпсіз аймақ» құру арқылы аумақтың барлық ауылдық әкімдіктерінде қолайлы орта құруды қамтамасыз ету жобаның маңыздылығы түсіндірілді.

Қос ауылдық округтің мәдениет үйлерінде ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдауға арналған «Ашық әкімдік» шарасымен жалғасты. Ауыл тұрғындары аудандағы бөлім басшыларымен тікелей жолығуға мүмкіндік алды.

Шара жергілікті атқарушы құрылымдардың ашықтығын қамтамасыз ету бағытында өткізілді.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы