19.02.2019, 17:59
Қараулар: 757
Мұғалім мәртебесін қайтсек көтереміз?

Мұғалім мәртебесін қайтсек көтереміз?

 Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, жас ұрпақ тағдыры – ұстаздардың қолында. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол дәрежеде болады, сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деп атап көрсеткен болатын. Ұстаз болу – мейірім шуағын, жүрек жылылығын, адамгершілік ұлылығын бала бойына дарыту, өзіне де, өзгеге де талап қоя білу.

Ұстаз – өз ғұмырын мектепте өткізетін тәрбиеші, баланы өмірге дайындайтын жан. Мұғалім – мәртебелі мамандық.

Бір кездері осы сөздерді нық сеніммен ұрандатып айтатын болсақ, қазір айтуға күмілжіп қаламыз. Мұғалім мәртебесі неге төмендеді? Ұлағатты ұстаз қадірі неліктен кеміп барады?

Зейнеткер болсақ та көптен бері көкейімізді қозғап, ойлантып, толғантып, толқытып жүрген мәселе – мұғалімдердің беделі, мәртебесі құнының төмендегенін үлкен аудиторияда болмаса да отбасында, достар, әріптестер арасында жанымыз ашып айтамыз.

Қазір «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы талқылануда. Қазақстан Республикасының Үкіметінде, Парламентте қаралып, биыл маусым айында қол қойылып, бекітіледі. Заң жобасына қатысты халықтан ұсыныстар көптеп түсуде. Ғылым-білімнің барлығы белгілі заңдылыққа негізделетіні белгілі. Бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселе – баланың сапалы білім алуы. Өкінішке орай, сансыз білім реформалары, қатеге толы оқулықтар, әлеуметтік әлсіз мұғалімдер білім сапасына кері әсерін тигізетінін жасыруға болмайды.

Беделді оқытушы, бетке ұстар ұлағатты ұстаз алдында білім алған оқушы жерде қалмайды. Қазір ата-аналар үшін әйтеуір баласына диплом алу, жоғары оқу орнын оқыту міндет болды. Мамандықты бала емес, ол қаламаса да ата-ана таңдайды. Мектептің оқу-тәрбие жұмысының басты бағыты, мақсаты ҰБТ кезінде жоғары көрсеткішке қол жеткізуге айналды. Білім ордасының білім сапасы ҰБТ-мен бағаланатын болды. Тестілеуден жоғары балл жинаған оқушылар заңгер, экономист, журналист сияқты мамандықтарға оқуға тапсырса, төмен балл алғандар педагогикалық мамандыққа бара салады. Сонда мектепте нашар оқыған баладан мықты мұғалім шыға ма? Бұл – мұғалім беделін түсіретіні шындық. Сондықтан бала қабілетін жетілдіру, дұрыс жолға бағыттау ата-аналар мен мектептің міндеті.

Педагогикада бәсекелестік төмен. Сонымен бірге мектептерде ер мұғалімдер аз, тіпті жоқтың қасы. Ертеректе мәртебелі мамандық мұғалім мен дәрігер болатын. Ең озат оқыған оқушылар осы екі мамандықты таңдайтын. Ер мұғалімдердің де үлесі көп болған. 1944 жылы ерлер майданға кеткендіктен, Алматыда қыздар педагогикалық институты ашылған екен. 1970 жылдан бастап ер балалар ауыл шаруашылығы жоғары оқу орнына түсуге талпыныс жасады. Тіпті педагог азаматтардың өзі сырттай оқып, ауыл шаруашылығы мамандығын алды.

Мұғалім мәртебесінің төмендеуінің тағы бір себебі – ұстаздардың қоғам назарынан тыс қалуы. Жалақы аз, жұмыс көп. Соның салдарынан олардың бір қатары саудаға, бизнеске ауысып кетті.

Бұрындары Заңда ата-аналар жауапкершілігі болатын. Бала тәрбиесіне ата-ана қатаң жауап беретін және өзі балаға үлгі бола алмаса не отбасындағы тәртібі үшін жұмыстан төмендетілетін. Тек қана ата-ана емес, мектеп директорлары, орынбасарлары тәртіптік жазаға тартылатын. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, бір оқушының тәртіпсіздігі мектеп, аудан, ауыл үшін сын еді. Сондықтан осы жауапкершілікті жаңа Заңда қайтадан күшейткен жөн деп санаймын. «Айтпаса сөздің атасы өледі» дейді қазақ. Қазір бір бала емес, еліміздің көптеген өңірлерінде мектеп, колледж арасында топ болып, қолдарына қару ұстаған жасөспірімдер тарапынан тәртіпсіздіктер орын алуда. Сол себепті ескінің озығын алып, барды қанағат етіп отырмай, жоқты іздеу – бүгінгі күннің талабы. Әрине, озық технологияларды пайдалану, үштілділік, цифландыру, т.б. керек. Дегенмен өнегелі тәрбие, саналы білім беру мектеп жұмысының түп қазығы екенін ұмытпайық.

Заңға ұсыныс берушілермен бірге білім басқармаларын жергілікті әкімдіктен ҚР Білім және Ғылым министрлігінің құзіретіне өткізу дұрыс деп есептеймін. Себебі жергілікті әкімдік мұғалімдерді қоғамдық жұмыстарға «қолбала» етіп жұмсай алмайды. Сонымен бірге мұғалімнің құқығын қорғау және оларды мемлекеттік қызметкермен теңестіру де оңтайлы шешім. Ұстаз жұмысының нәтижесі – білім сапасы, ал білімнің сапалы болуы тікелей оқытушыға, оның іздену шеберлігіне байланысты. Ұстаз – өз ісін сүйгенде ғана ұстаз. Өмірге бала әкелетін аналарды қалай ардақтасақ, бала тәрбиесіне жанын сала еңбектенетін екінші анасы – ұстазды бағалайық! Талқыланып жатқан жаңа Заң ұстаздарға қандай жаңалық, жақсылық әкеледі? Ол уақыт еншісіне қалсын.

 

Халық НАУРЫЗАЛИН,

 газеттің штаттан тыс тілшісі