28.11.2018, 21:42
Қараулар: 321
Мәуліт мерекесі ұлықталды

Мәуліт мерекесі ұлықталды

             Діни сауаттылықты арттыру және жыл сайын аталып өтілетін мәуліт мерекесіне  орай Қаратөбе мұсылмандар мешітінде  танымдық шара оздырылды.               

Үлкен маңызға ие аталмыш шарада  аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Бекқазиев   мешітке келген жамағатты  айтулы мерекелерімен құттықтады. Әділжан Төлебайұлы Құран оқып, мәуліт мерекесінің мәні мен маңызы, асыл дініміз исламдағы Пайғамбарымыз  с.ғ.с салып кеткен сара жолды кейінгі ұрпаққа насихаттау, қоғамда мұсылман адамның көркем мінез-құлқына ие тұлға қалыптастыру туралы әңгімеледі. Тағылымды кеште сөз сөйлеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мейрамгүл Кенжеғалиева ислам дінінің тәрбие мен тәртіпке байланысты маңызыдылығына тоқталып,  мереке күні мешітке келген аға ұрпақ өкілдері мен ауылдық округ әкімдерін,  мәуліт, аудан жастарын, мерекесімен құттықтады.

Шараға қатысушы аға ұрпақ өкілдері қаратөбелік ақсақал Аманжан Әнесов, ханкөлдік Беркін Оразов, шөптікөлдік Зиеден Бәуенов, қаратөбелік зейнеткерлер Асыл Абдрахманова мен Гүлбағида Қорғанова, аққозылық ардагер Қайыршақ Жұмағалиев  мәуліт мерекесі турасында ойларын ортаға салып, ислам дінінің қоғамдағы маңызы, бала тәрбиесі,  ауызбірлік туралы және аудан өміріне қатысты  бірқатар  мәселелерді қамтыды.

– Адам баласын мейірімділікке, әділеттілікке, бірлікке, тазалыққа тағы да басқа көптеген құнды қасиеттерге бағыттайтын ислам дінінің маңызы зор.

Дініміздің  қадір-қасиетін білген халқымыздың өзара қарым-қатынасы, түсіністіктері мен тәртібі жоғары болған. Бұзақылық жасау тағы басқа толып жатырған заң бұзушылықтар болмаған. Осының бәрін сол замандағы халқымыздың дінімізге деген оң қөзқарас танытқаны деп білемін,-  деді аға ұрпақ арасынан алғаш сөз алған қаратөбелік қазыналы қария Аманжан Әнесов.

Мешіттің бас имамы Әділжан Төлебайұлы садақаларды кафе, мейрамханаларда өткізудің дұрыс еместігін  айтып, мешіт жанынан садақа өткізетін 1000 адамдық орын салу туралы ойын айтты.

Шара барысында аудандық мешіт имамы Әділжан Бекқазиевпен бірге  аталмыш шараны ұйымдастырған «Ізгілік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әмірбек Жәнібеков  мешіт жұмысына ат салысып, ізгілікті істерге белсене араласып жүрген қаратөбелік  Әди Хасанғалиұлы мен Азамат Серікұлына  алғыс хат пен сыйлықтар табыстады.

Құдай үйіне жиналған қауым мәуліттің маңыздылығы туралы бейнекөрсетілім тамашалады.

Аудан жастары мешіт үйінде оздырылған мерекелік мақал-мәтел сайысына белсене қатысып, біліктіліктерін ортаға салды.

Біліктілігімен топ жарған аққозылық Айдана Сәдіредденова жарыс жеңімпазы атанып, жүлделі І орынды иеленсе,  ІІ және ІІІ орындар жусандыойлық Азамат Жәметов пен қаракөлдік Мира Орынбасароваға бұйырды.

Жақсы өнер көрсете білген қөскөлдік Әділбек Әжіғалиев,  саралжындық Меңдіқожа Ғабдолов, сулыкөлдік Ернар Саламат алғыс хаттарға ие болды.

Мешітке жиналаған жамағатқа дастарқан мәзірі ұйымдастырылды. Мешіттің бас имамы Әділжан Бекқазиев пен Тәжедден Батырұлы атындағы Орал қалалық мешітінің найб имамы, Орал медресесінің ұстазы Ерлан Кенжин мәуліт мерекесіне арналып жайылған дастарқан басында бас қосқан жамағатқа Алланың елшісі Мұхаммед Пайғамбардың өмірі мен асыл қасиеттері туралы кеңінен әңгімелеп берді.

                                                                                            Ерболат РАЙСОВ,

                                                                                             Қаратөбе ауданы