19.03.2019, 16:32
Қараулар: 582
Наурыз көже – Ұлыс дәмі

Наурыз көже – Ұлыс дәмі

Халқымыз үшін маңызды саналатын Наурыз мерекесі ауданымызда 1988 жылдан бастап жылдағы дәстүрге сай кең көлемде аталып келеді.  

Наурызда күн мен түн теңеседі. Төрт түлік төлдеп, ақ молаяды. Алыс-жақындағы ағайындар бірбіріне жылы лебіздерін арнап, дастарқанға ұлттық тағамдар қойылады. Атаулы мерекенің басты тағамы ретінде наурыз көже дайындалады.

Ұлыстың ұлы күнінде наурыз көже дайындауды дәстүрге айналдырған апаларымыз да баршылық. Ауыл мектебінде ұзақ жылдар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ардагер ұстаз, Қоскөл ауылының байырғы тұрғыны Разия Төлеуішқызымен әңгіме барысында ол мерекеге орай наурыз көжені көптен дайындайтындығын айтып, оны әзірлеу жолымен бөлісті.

– Ыдыстың көлеміне қарай ең әуелі су құйылып, қайнатылады, осыдан кейін оған ұсақтап туралған ет, мейіз, тары, құрт, тұз салып, сүт құяды. Көжеге күрішті де салуға болады. Қазір еттің сүрленетін уақыты. Ет сүрленген болса көженің дәмі шығады. Бұрынырақ мектепте ұстаздық еткен жылдары Наурыз мерекесінде мектеп оқушыларына наурыз көженің қалай дайындалатындығын көрсетіп, үйретуші едік. 2009 жылы зейнеткерлікке шыққаннан бері мерекелік дәмді үйде әзірлеп келемін. Дайын болған көжеден көрісе келгендерге, көршілерге дәм таттырамын. Оны дайындаудың еш қиындығы жоқ. Әркімнің бұл ұлттық сусынды әзірлей білгені жөн, өйткені түрлі тағамдардан әзірленген наурыз көже – шөлді қандырады әрі қарын аштырмайтын қасиетімен құнды, – дейді ол.

Сонымен қатар Разия апай ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан байырғы ғұрыптың бірі – «Сандық ашу» туралы сыр шертті. Сандық ішіндегі заттарды сыртқа шығарып жария ету, ашылмаған сандықтағы дүниелердің өлі саналатындығы туралы әңгімелеп берді. Наурыз көжені шебер дайындайтын аққозылық зейнеткер Ақжан Сағиқызының да осы мерекелік ас мәзірін әзірлеуді қолға алғанына біраз жыл болыпты. Бұл сусынды дайындаудың сырын ол төмендегіше тарқатады.

– Бұрынғы қазақ күнтізбесі бойынша жыл басы – Наурыз айында таратылатын тағам – наурыз көжені наурыз айының 11-інен бастап 25-сіне дейін екі апта бойы, тақ күндері әр жанұя кезекпен берген. Діни деректерде наурыз айының 11-і Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың туған күніне тура келеді. Сондықтан діни негізде пайда болған наурыз көже жеті түрлі азық құрамынан (бидай, тары, қамыр, ет, тұз, сүт, су) пісіріледі. Соғымнан арнайы сақталған мүшелер (қазы, қарта, шұжық, жамбас) қосылады. Наурыз көже пісірілген күні ауыл адамдары бала-шағаларымен түгел шақырылатын, – дейді мәдениет, білім беру салаларында қызмет жасап, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып зейнеткер. Наурыз көже дайындауда шеберлігімен көпшілік назарына түскен коскөлдік Разия Төлеуішқызы мен аққозылық Ақжан Сағиқызы сынды әжелердің істері қызкеліншектерге жұғысты болсын демекпіз.

 

Ерболат МЫРЗАҒҰЛҰЛЫ