15.06.2018, 11:03
Қараулар: 285
Ораза айт мерекесі – жамағат қуанышы

Ораза айт мерекесі – жамағат қуанышы

Бүгін күллі мұсылман қауымы үшін ортақ Ораза айт мерекесі. Ораза айт мерекесімен бір-бірін құттықтау үшін таң сәріден Қаратөбе ауданының орталық мешітіне жамағат көп жиналды.

Ораза айт күні – әлемдегі барлық мұсылмандардың бір ай бойы тұтқан оразалары аяқталып, қуанышқа толы көңілдерімен тойлайтын мереке күндері. Рамазан айында ораза тұтқан кісілердің бұрынғы күнәларынан тазарған күні болып есептеледі.

Аудандық орталық мешітке Ораза айт мерекесімен аудан тұрғындарын құттықай келген аудан әкімі Жанат Асантаев:

  • Келіп жеткен Ораза айт мерекесімен баршаңызды құттықтаймын! Рухани тазару айында тілеген тілектеріңіз бен дұғаларыңыз қабыл болсын. Айт мерекесі әр отбасына ырыс пен құт береке әкеліп, оразадан оразаға аман жетейік. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, — деді.

Мешіт үйіне жиналған жамағатқа Ораза айт мейрамының маңызын түсіндірген аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Бекқазиев айт намазын оқыды.

Содан соң, мешіт жанына тігілген киіз үйден мереке құрметіне жайылған дастарқаннанан жамағат дәм татты. Дастарқан басында имандылық бағытында көңілді әңгімелер айтылып, жас ақын Райымбек Өтепов айт меркесіне орай арнауын айтып берді.

Мерекелік көңіл-күйді спорттық шаралармен жалғастырған жастар, ұлттық ойындардан өзара сынға түсті. Асық ату ойынында мергендігімен көзге түскен Бекболат Нұрғалиев үздік атанса, арқан тарту ойынында «Қырандар» тобы басқаларынан күштірек болды, гір тасын көтеруден 24 келілік гір тасын 26 мәрте көтерген Әлібек Қанафин жеңіс тұғырынан көрінді.

Спорттық сайысқа қатысқан жамағатқа арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

 

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы