6.03.2019, 16:48
Қараулар: 75
Отырыста бірқатар мәселе пысықталды

Отырыста бірқатар мәселе пысықталды

  Бүгін Қаратөбе ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтанның төрағалығымен аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия  отырысы оздырылды. 

Комиссия отырысының күн тәртібіне сай аудан мектептеріндегі ыстық тамақтың ұйымдастырылуы туралы мәселе бойынша Шөптікөл орта мектеп-балабақшасының директоры Б.Зайнуллин мен мектеп-гимназияның директоры М.Өтеғалиева баяндап берді. Облыстық білім басқармасының жоспарына орай аудан мектептерінде өткізілген «Қайырымдылық» акциясының қорытындысы туралы аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Е.Рабаева, кәмелетке толмағандар арасында теріс діни ағымдардың  алдын алуға бағытталған жұмыстар туралы Мұхит атындағы орта мектебі және Соналы орта мектебінің директорларының  хабарламалары тыңдалды.

Аудандық полиция бөліміндегі ювеналдық полицияның жасөспірімдер тәртібін қадағалау бойынша атқарған жұмыстарын аудандық полиция бөлімінің жасөспірімдермен жұмыс жөніндегі инспекторы Ж.Ғарифоллаева баяндады.

Комиссия төрағасы Ж.Карелұлы мектеп директорларына білім ошақтарындағы ыстық тамақты ұйымдастыру жұмыстарына баса назар аударуды, оқушыларға  дәрумендері көп тамақ мәзірлерін ұйымдастыру жағын қарастыруды тапсырды.

Аспазшылардың жұмыс сапасының деңгейін көтеру мақсатында аспазшылар арасында түрлі сайыстар өткізу, олардың разрядтарын жоғарлатып еңбекақыларын өсіру арқылы жұмысқа деген құлшыныстарын арттыру қажеттігін алға тартты.

Комиссия отырысында  жасөспірімдер арасында теріс діни ағымдардың алдын алу мақсатында  атқарылған жұмыстар пысықталды.

Отырысты қорытындылаған комиссия төрағасы Жасұлан Сұлтан  алдағы апталарда аудан мектептерін аралап, атқарылып жатырған жұмыстарды қадағалап отыруды комиссия мүшелерінің назарына салды.

 

Ерболат РАЙСОВ,

                                                                                  Қаратөбе ауданы