15.07.2019, 15:28
Қараулар: 219
Президент атынан алғыс хат алды

Президент атынан алғыс хат алды

Ағымдағы жылдың 9 маусымы күні Президент сайлауы өткені баршаға белгілі. Еліміздің ертеңгі болашағы үшін аса маңызды саяси науқанға аудан халқы да белсенді қатысқан болатын. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарында белсенділік танытқан бірқатар азаматтарға Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хат табыс етті.

Саяси науқан барысында кандидатты қолдау бойынша аудандық штаб және үміткердің сенім білдірген өкілдері нәтижелі жұмыстар атқарды.

Аудан әкімдігі аппаратының мәжіліс залында өткен жиналыста Мемлекет басшысының алғыс хатына сайлау науқанында белсенділік танытқан он қаратөбелік ие болды.

Ел Президентінің алғыс хатында: «Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды аясында жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысқаныңыз үшін Сізге алғысымды білдіремін.

Сайлау қорытындысын Елбасы саясатының лайықты жалғасы және сабақтастық, әділдік, өрлеу қағидаттарына негізделген дамудың жаңа бағытын қолдау деп қабылдаймын.

Алдымызда тұрған ауқымды міндеттерді абыроймен атқарамыз деп сенемін!..» делінген.

 

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы