12.12.2018, 19:53
Қараулар: 69
Робототехниканы дамыту – заман талабы

Робототехниканы дамыту – заман талабы

Бүгін Қаратөбе  мектеп-гимназиясында   ІТ және робототехника сыныптарының жұмыс жүйесімен таныстыру және информатика пәні мұғалімдеріне әдістемелік қызмет көрсету,  іс-тәжірибе бөлісу мақсатында  «Қазіргі заманғы мектептегі  робототехника»  тақырыбында аймақтық семинар оздырылды.

 

Облыстық білім беруді ақпараттандыру орталығының  бөлім басшысы Саягүл Алипбаева,  аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев, Қаратөбе мектеп-гимназиясының директоры Мираш  Өтеғалиева аталмыш семинардың ашылу салтанатында  құттықтау сөз сөйлеп, аймақтық семинардың күн тәртібіндегі  ІТ сыныптар мен робототехника бойынша сабақтардың  маңыздылығына тоқталды.

Семинар барысында  «Қуанышты көрісулер таңы» тренингі,  «Мұражай – өткен өмір айнасы және білім беру  тарихын сақтаушы» тақырыбындағы мектеп мұражайына саяхат,  «Дамудың даңғыл жолындағы мектеп тынысы» атты шығармашылық галереясы, «Білім берудегі инновация: ізденіс және тәжірибе» атты сабақтар шеруі  өтті.   Сондай-ақ мектептің 3-сыныбында өткен «Суретті сақтау және ашу»,  9-сыныпта өткен «loft+Shell+ құралдары арқылы жиектерді өңдеу», «Робототехниканың практикалық аспектілерін білім саласына енгізудің тәжрибесі мен болашағы» атты шеберлік сынып,  «Информатика әлеміне саяхат» атты  6-сыныпта өткен сыныптан тыс шара, цифрлы әлем мектеп өмірінде»   атты роботтар көрмесі  семинарға қатысушылардың көңілінен шықты.

 

Сахнада домбырашылар ансамблінің тамша күйі,  оқушылар сомдаған «Электронды құралдар айтысы» көрінісі тамашаланды.

– Бүгін Қаратөбе ауданында өткен семинардан баршаңыз үлкен әсер алдыңыздар деп ойлаймын. Өздеріңізге мәлім  «Нұр Отан» партиясының бастамасымен облыс бойынша 12  ІТ сыныптары ашылса, соның 10-ы облыс аудандарының мектептерінде,  ал екеуі қала мектептерінде  ашылып отыр. Сіздің ауданда  ІТ сынып қыркүйектен бастап жұмыс жүргізуде.  Басқосуымыз  робототехника бойынша сабақтардың өткізілуі және  ІТ сыныптарының жағдайы туралы өзара  тәжірибе мен пікір алмасуға бағытталып отыр. Семинар өз деңгейінде өтті.

Айтулы семинарды жоғары деңгейде ұйымдастырған сала мамандарына  алғысымды білдіремін, — деді  облыстық білім беруді ақпараттандыру орталығының бөлім басшысы  Саягүл Ғаділжанқызы.

Сонымен қатар  С. Ғаділжанқызы аталмыш семинардың өз деңгейінде өтуіне белсене араласқаны үшін  мектеп директоры мен мектеп ұжымына  алғыс хат табыстады.

Семинарға қатысушы Бөрлі, Шыңғырлау, Теректі, Зеленов аудандарының және ауданымыздың  информатика пәнінің мұғалімдері мен әдіскерлері семнар туралы ойларын ортаға салып, үлкен әсер алғандықтарын  жеткізді.

 

                                                                           Ерболат РАЙСОВ,

                                                                         Қаратөбе ауданы