30.11.2018, 16:39
Қараулар: 568
Саралжында тойхана ашылды

Саралжында тойхана ашылды

Бүгін Саралжын ауылдық округінде 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай «Аңсар» тойханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

«Ғайса» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Арман Тастаев отбасылық шағын кәсіпті бастап, былтырғы жылдың қыркүйек айында аталмыш тойхананың құрылысын бастаған. 1 жылға созылған құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдаланылуға берілді.

Тойхананың салтанатты ашылуына аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Бозов, Саралжын ауылдық округінің әкімі Жасұлан Ермеғалиев және ауыл тұрғындары қатысты. Тойхананың салтанатты лента қию  рәсімін жеке кәсіпкер Арман Ғайсаұлы мен аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Беркінұлы жүргізді.

 

 

–  Бұл – ауыл халқы үшін үлкен қуаныш. Үйлену тойы, мерейтойлар, басқа да қуаныштарды атап өтуге арналған орынның болғаны әсте дұрыс. Таза, кең, әдемі жабдықталған тойхананың алдағы жұмысына сәттілік тілейміз, — дейді ауыл тұрғыны Қайыр Бисенғали.

 

Сонымен қатар, «Аңсар» тойханасында демалысқа арналған екі бөлме, неке қию бөлмесі тағы бар. Алдағы уақытта жеке кәсіпкер тойхана жанынан дүкен және сұлулық салонын ашуды жоспарлап отыр. Тойхана иесі қазіргі күні 9 адамды жұмыспен қамтып отыр.

 

Ажаргүл ӘЛИЕВА,

Қаратөбе ауданы