27.02.2019, 23:46
Қараулар: 592
Сахна саңлағының ән кеші

Сахна саңлағының ән кеші

ҚР халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтың 110 жылдығына  орай ауданымызға өнер сапарымен келген «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, халықаралық, республикалық байқаулардың бас жүлдегері, Атырау облыстық Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Қайрат Кәкімовтің «Әсем әні асқақтап» атты концерті өтті. 

Қазақтың қасиетті домбырасымен сахнаға көтерілген Қайрат кештің беташарын Мұхит Мерәліұлының «Айдай», «Көк айдай» әндерімен бастады. Диапазоны кең,  күрделі ырғақ иірімдерімен ән салатын Қайраттың дауысы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Дәстүрлі әнші ретінде даңқы алысқа кеткен Қ.Кәкімов бүгінде Батыс ән мектебінің белді өкілі, Мұхит Мерәліұлы, Ғарифолла Құрманғалиев сынды біртуар дарындарды насихаттаушылардың бірегейі.

Киелі сахна төрінде әнді өзінің жанды даусымен, ешқандай боямасыз, техникалық сүйемелдеусіз таза орындайтын талант иесі дәстүрлі әндерді шарықтата әуелетті.

Қ.Кәкімов кеш барасында көп айтыла бермейтін әндерді де шырқады. Бұл оның қазақтың бай музыкасына терең бойлаған ізденімпаздығынан сөзсіз хабар береді. Ғ.Құрманғалиевтің «Сүйген жар», «Шымыр», «Елу үш қыз», «Қыз Жаңғақ»  сынды халық әндерін де тамылжыта орындады.

Дауыс ерекшелігімен, репертуарындағы ән қорының молдығымен аты шыққан дарабоздың бұл өнер сапары жұртқа асқақ рух сыйлады.

Сондай-ақ кеш иесінің шашбауын көтере келген Берік Амантаев «Дауылпазды», «Қарақаншық»,  Данияр Елеуов «Көкжар», «Бағила» әндерін қалықтата шырқады. Сонымен қатар Мерген Мұқанов, Сәлімжан Әубәкіров, Дархан Қажығалиевтер ән шеру жасаса, жерлесіміз Фархат Оразов «Сөз басы», «Адыра қалған Нарынның» әндерін орындады.

Сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан сөз сөйлеп бабадан мирас болып қалған ән-термеге сусаған қаратөбелік тұрғындарға рухани кеш сыйлаған Қайрат Сайлауұлына қаратөбеліктер атынан алғысын жеткізіп, өнер өлкесінде талмай қалықтап жүре беруіне тілегін жеткізіп иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.

Талант иесіне қаратөбеліктердің құрмет-ықыласы ерекше болды. Көрермендердің сұрауы бойынша Аманғалидың әнін және Құныскерейді орындап берді.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы