24.07.2019, 18:54
Қараулар: 504
  Спортты дамыту – баршаға ортақ іс  

  Спортты дамыту – баршаға ортақ іс  

Бүгін Батыс Қазақстан облысы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева  жұмыс сапарымен Қаратөбе ауданында болып, аудандық мәслихаттың  мәжіліс залында бұқаралық спортты дамыту турасында  оздырылған жиналысқа қатысты. 

 

 

 

 

 

 

 

Айтулы жиналысқа аудан әкімі Жанат Асантаев төрағалық етті.

–  Өздеріңізге мәлім Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауларында салауатты өмір салтын насихаттау, ел жастары мен егде адамдардың денсаулығын нығайту, қазақстандықтардың 30 пайызын бұқаралық спортпен шұғылдануға тарту баса айтылған болатын.

Бүгінгі жиынымыз аудан бойынша спорт саласының және бұқаралық спортты дамыту жай-күйі туралы болмақ, — деп, жиналысты ашқан аудан басшысы Жанат Асылханұлы мәжіліске қатысушыларды облыстан келген өкілдермен таныстырды.

Денсаулық кепілі-спорттың қоғамдағы маңызы, сала бойынша атқарылған жұмыстар  мен қол жеткізілген жетістіктер, аудан бойынша спорт саласының және бұқаралық спортты дамытудың жай-күйі туралы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт  бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Еділбек Алпамысұлы баяндады.

Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спортты дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Мұқанов, спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты директорының орынбасары Асхат Шакиров, Батыс Қазақстан облысы бойынша олимпиада резевтерін даярлау орталығы директорының орынбасары Сағадат Нұғман,   «Ақжайық» футбол клубының директоры Шайхы Азамат, «Жайық» волейбол клубының директоры Асхат Шайхиев, жекпе-жек спорт түрлері бойынша олимпиада резервінің мамандандырылған облыстық балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Есенгелді Айсағалиев сөз сөйлеп, өз салалары бойынша атқарылған ауқымды жұмыстарға және алдағы мақсат-міндеттерге тоқталып,  бұқаралық спортты дамытудағы өз пікірлерін ортаға салды.

Спорт түрлері бойынша секцияларға қатысатын балалар санының азаюы туралы қойылған сауалға аудандық балалар, жасөспірімдер спорт мектебінің «қол күресі» үйірмесінің жаттықтырушысы Нұрхат Нысанов жауап берді. Сонымен қатар соңғы бір-екі жылда қаратөбеліктер чемпионаттарға қатыспаған делінген сөзге  сай 40 жылдан осы салада қызмет етіп келе жатқан  аудандық балалар, жасөспірімдер спорт мектебінің ұлттық тоғызқұмалақ ойыны бойынша жаттықтырушысы Байжан Бақтығалиев  2018 жылы 1 мәрте, ағымдағы жылда 2 мәрте тоғызқұмалақ бойынша чемпионатқа  қатысқандығын алға тартты. Ауыл тұрғыны Халқымбай Есжан «Ақжайық» футбол клубына үміткер оқушы, клубқа қабылданған жағдайда  клубта оқу процесі жүре ме,  әлде басқа мектепте оқуы қажет пе?», деген сауал тастап, сала өкілдерінен тиісінше жауап алды.

Жиналысты қорытындылаған басқарма басшысы  Әсия Рахымқызы   спортты дамытуға байланысты қарастырылып жатқан жан-жақты қолауды, спортшыларға көрсетіліп жатырған жағдайларды пайдаланып бұқаралық спортты дамытуға   күш-жігер  салу баршаға  ортақ  маңызға ие іс  екендігіне тоқталды.

 

                                                                            Ерболат РАЙСОВ,

                                                                            Қаратөбе ауданы