5.02.2019, 19:09
Қараулар: 170
Тазы баптап, тай жарыстырды

Тазы баптап, тай жарыстырды

 Бүгін Үшағаш ауылында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары шеңберінде ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті.

 

 

 

 

 

 

 

Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны белгілі. Жылқы жануары тұңғыш рет Қазақстан аумағында қолға үйретілді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде үстемдікке ие болды.

Жас ұрпақтың ат спортына қызығушылығын арттыру, ұлттық ат спорты ойындарын дамыту мен ұлықтауға арналған шара жоғары деңгейде өтті.

Спорттық сайыста алғаш сөз сөйлеген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалымгерей Қайырғалиев, Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Айдос Әмірғали Елбасының бағдарламалық мақалаларында көрініс тапқан өткенімізді саралап, дәстүрлерімізді қайта қолға алып, өскелең жастарымызға мирас етіп қалдыруға шақырды.

Жарыстың бас төрешісі Қайырбек Сағындықов спорттың ережелерімен таныстырды.

Шара барысында тазы бағып, тұқымын асылдандыру ісін қолға алған, ұлттық құндылығымызды сақтап, ит баптауды жанына серік етіп, қазақылықты қанына сіңірген тазы үйретушілердің арасында көрме ұйымдастырылды. Көрмеге 7 тазы ит әкелінді. Тазылардың ішінен ерекше көзге түскені облыстық жарыстарға бірнеше рет қатысып жүлделі орындардан көрініп жүрген саралжындық  Азамат Әсемовтің «Бойка» есімді тазысы.

 

 

 

 

 

 

 

Аударыспақ ойынына ат үстінде отырысы мығым, білекті 13 жігіт қатысты. Салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып салу сайысында ханкөлдік Нұрлыбек Шайхаденов өзінің мықтылығын танытты. ІІ орынды қоскөлдік Асқар Алданов иеленсе, ІІІ орын ақтайсайлық Дәурен Бақтыгерейге бұйырды.

«Ат тұяғын тай басар» демекші тай жарысына 13  шабандоз тайларын дайындапты. Шабандоздардың жеңіске деген ерекше құштарлығы көпшілікті тәнті етті.

Үш шақырымдық қашықтықта сынға түскен тайлардың арасынан бағы мен бабы қатар шапқан қоскөлдік шабандоз Сұлтанбек Талаптың «Төбелторысы» І орынды жеңіп алса, оның жерлесі Ерсал Тәжімовтың «Айғасқасы» ІІ орынды иемденді. Ал, ақтайсайлық  шабандоз Медет Нұрбаулының «Құлагер» атты тайы ІІІ орыннан көрінді.

Аталмыш спорттық жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар, арнайы дипломдар табысталды.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы