12.06.2019, 11:41
Қараулар: 406
Тарихи тұлғалар рухына тағзым

Тарихи тұлғалар рухына тағзым

Тарихта аты қалған Түркебай батырдың  Алматы, Ақтөбе, Шымкент,  Ақсай қалаларынан елге келген ұрпақтары Қаратөбе ауданы Саралжын ауылдық  округінің орталығы Қарақамыс ауылынан 6-7 шақырым  қашықтықтағы  «Түркебай» деп аталатын қорымға жерленген ата-бабаларының зиратына  тағзым етіп, құран бағыштады.  

Батырдың ұрпақтары  аталарының зиратын қоршап, белгі тақта орнатты.

1868 жылыРесей империясының қазақ жерін отарлау саясатын күшейтуді көздеген «Жаңа ереже» қабылдауына қарсы болған халық сол жылы көтеріліске шығады. Көтеріліске  қатысушылар Көкжарда Сейілді ақ текеметке отырғызып, бірауыздан хан сайлап, қолына билік береді. Осы кезден бастап, халық аузында «Қарадан хан болған Сейіл» деген сөз қалған.

Кезінде Саралжын кеңшарында басшы болып қызмет жасаған  ақсайлық  зейнеткер Зарлық Мусин тарихи тұлға Түркебай батыр мен оның ұрпағы туралы тарихи деректерге тоқталды. Сонымен қатар ата-бабасы туралы кітап жазып, олар жайлы дректердің  кейінгі ұрпаққа кеңінен таралуына зор еңбек сіңірген марқұм қаратөбелік журналист Қайыржан Хасановтың  шығармашылық  еңбеңгіне зор ризашылығын  білдірді. Игі бастаманы көтерген З.Мусин көптен көкейінде жүріп қолға алынған  істің орындалғанына риза екендігін айтты.

Түркебайдың баласы қарадан хан болған Сейілдің ұрпағы Айжан Баязқызы зират басында сөз сөйлеп ата-бабасына арналған игі іске   мұрындық болған бауыры Зарлық ақсақалға және  кітап жазып аталарын көпке танымал еткен журналист Қайыржан Хасановтың  еңбегіне зор ризашылығын жеткізді.

Саралжын жеріне табан тіреген қонақтар Б.Қаратаев атындағы  Саралжын орта мектебінің мұражайын тамашалады.

Аталмыш мектепте көпке танымал болған қарымды журналист Қайыржан Хасановтың «Түркебай батыр» және «Сейілұлы Амандықтың ұрпағы» атты тарихи танымдық  кітаптарының түсаукесері өтті.

Айтулы шарада  ақсайлық зейнеткер Зарлық Мусин, аудандық мәдениет,тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалымгерей Қайырғалиев, Қайыржан Төлегенұлының зайыбы Рысты Бижанова жылы лебіздерін білдірді.

Сейіл Түркебайұлының ұрпақтары Рысты Хакімқызының, Зарлық  Мусиннің, Қайыржан ағаның үлкен ұлы Сәбиттің иығына шапан жапты. Аталмыш екі кітаптың тұсаукесерінде «Түркебай батыр» кітабының лентасын Ғалымгерей Қайырғалиев пен Сейілдің ұрпағы Арман Болатұлы, «Сейілұлы Амандықтың ұрпағы» атты кітабының лентасын  Нұрлан Меңдешов пен Сәбит Хасанов қиды.Н.Меңдешов Түркебай батыр туралы тарихи деректерден сыр шертіп, оны кеңінен насихаттауды тілге тиек етті.

Ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Сабырғали Исмурзин қонақтарға арнап, үш жүзден ән оздырған сал Мұхиттың бірнеше әнін орындады.

Шара қонақтары Саралжын ауылында  ата-бабаларының рухына бағыштап құран оқытып, ас берді.

 

                                                               Ерболат РАЙСОВ,

                                                                                                                               Қарақамыс ауылы