12.03.2019, 10:04
Қараулар: 74
Тасқынға дайындық жан-жақты

Тасқынға дайындық жан-жақты

Су тасқынының орын алуы көбіне көктем мезгілінде өзендердің арнасынан шығуы, қардың еруі, қатты нөсерлердің жаууы сияқты табиғи факторларға байланысты. Көктемгі су көтерілуі болжамды құбылыс болғандықтан, алдын ала қажетті шаралар алып, үлкен зиянға ұшырамауға мүмкіндік бар. Мұндай шаралардың бірі – елді мекен, жеке аула ішіндегі қарды шығарып, арықтар мен су жүретін құбырларды уақтылы тазарту. 

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және №16 ӨСБнің қызметкерлерімен 38 аулааралық шолулар жүргізіліп, жадынамалар таратылды. Қаратөбе ауылында орналасқан 19 су жүретін шүмектер тазартылып, 160 тонна қар қауіпсіз аймаққа шығарылды. Қазіргі таңда аудан әкімі аппаратының меншігіндегі үш су сорғыш (мотопомпа) және №16 ӨСБ-нің меншігіндегі жаңа бір су сорғыш тексеріліп, дайындалды.

Судың нөсер жаңбырдан немесе қар еруінен күрт көтерілуін анықтау қиын. Су қоймаларының ықпалымен өзендердің арнасынан шығып кетуін болжау одан да қиынырақ. Ал бөгеттерді шайып кететін тасқын судың әрекетін білу мүлде мүмкін емес.

Су тасқыны қаупі бар елді мекен тұрғындарына келесі кеңесімізді береміз:

— Су жақындаған жағдайда газ, су, электр желілерін ажыратыңыз, пештегі отты сөндіріңіз, жоғарғы қабаттар мен шатырларға құнды заттар мен киімдерді шығарыңыз, есік-терезелерге жұқа тақтайша қағып тастаңыз.

— Егер көшіру туралы ескерту алынса, алдымен жылы әрі қолайлы киімдерді, етікті, ақша мен құнды заттарды әкетуге әзірленген жөн. Алғашқы дәрігерлік жәрдем көрсету қобдишасын және дәрі-дәрмекті ұмытпаңыз. Төлқұжат пен басқа да құжаттарды су өтпейтін пакетке ораған дұрыс. Өзіңізбен бірге төсек жабдықты да алғаныңыз жөн.

— Төтенше жағдайлар бөлімінің арнайы хабарламасында қауіпті аймақтардан қайда және қалай (берілетін көлікпен немесе жаяу) көшу керектігі мәлімденуі тиіс. Көшіп келген жерде адамдар тіркеуге алынып, уақытша қоныстандырылады. Бірінші кезекте балалар, балалар мекемелері мен ауруханалар қауіпті аймақтан шығарылады.

Көктемгі көтерілген су шағын өзендерде бір апта бойы тұрады. Сондықтан барлық ауылдық округ әкімдеріне материалдықтехникалық жағдайды жасақтап, еріген қар суы салдарынан Қалдығайты, Жақсыбай, Жарлы өзендері тасыған кезде ауыл тұрғындарының, тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қатынассыз қалған елді мекендерде азық-түлік қорын жасақтау жұмыстары жүргізілуі тиіс.

Құрметті аудан тұрғындары, жауапкершілік танытып, өз үйіңіздің айналасын, шатырды, қора-жайыңыздың іргесін және басқа да жиналған қарды су ағып өтетіндей бағытпен тазалауыңыз сұралады.

Мэлс ЫСҚАҚОВ,

аудандық ТЖБ-нің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі