6.03.2019, 10:14
Қараулар: 171
Толқудан толғанысқа жетелеген сәт

Толқудан толғанысқа жетелеген сәт

Өткен жылдың соңында «Жайық Пресс» медиахолдингінің ұйымдастыруымен облыс орталығында өткен «Өрімтал» жас тілшілер фестивалінің соңғы күні ерекше сезімде болдым. Бала кезден шығармаларымен сусындап өскен жазушыларымыздың, таныс басылымдарымыздың арнайы жүлдесін қатысушылар бөліп алып жатты.

Маған Максим Зверевтің арнайы жүлдесі бұйырды. Бірақ көкейімде «Максим Зверев кім?» деген сұрақ тұрды. Ол туралы білмегеніме өзімді кінәлі адамдай сезіндім. Неге қазақ зиялыларының жүлдесін алмадым екен деген ой да іштей мазалады. Ұстазымның жүлдеммен құттықтай отырып, «Зверевтей мықты жазушы боларсың» деген тілегі жазушы туралы білуге ерекше ынтықтырды.

Сол сәттен бастап Максим Зверевтің өмірі мен шығармашылығы жайында оқи бастадым. М.Зверев 1896 жылы Барнауыл қаласында дүниеге келген. 1923 жылы Томск унивеситетін бітіріп, 1937 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Алматы қаласында тұрған. Табиғат зерттеушісі, ғалым, жазушы, жануарлар әлемі, табиғат туралы шығармалардың авторы, оның жазбалары ТМД, Франция, Англия, Испания, Польша, Германия, т.б. елдердің тіліне аударылған. Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының басшысы қызметін атқарған.

Заңғар жазушы – балалар әде­биетіне қалам тербеген алғашқылардың бірі. Ол сондай-ақ өмірін табиғатты зерттеуге арна­­­ған болса, шығармалары да оқыр­­манды қоршаған ортаның қыр-сырына терең үңілуге жетелейді.

«Наш родной дом – это природа. Расссказать людям о природе, учить их любить природу, призывать к ее охране и рациональному использованию – это для меня дело всей жизни» деген екен М.Зверев.

Ол орман, орманшы, жабайы аңдар, жалпы табиғатана жайында өзі зерттеп, өз көзімен көріп, бақылап, оны әдеби туындыға айналдырған қаламгер. Сол еңбектері ерекше бағаланып, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанып, бірнеше орден-медальдарды өңіріне таққан.

Міне, мен осындай өзгеше рухани әлем иесінің марапатына ие болғанымды түсіндім. Жазушы атамыз сол кездегі жарқ ете түскен бір найзағай секілді болды деген ойға келдім. Мен сол найзағай жарығымен өз бағытымды анықтап алдым. Жас оқырман, баршаңызды М.Зверев шығармашылығымен шыңдалуға шақырамын.

 

Мералы БОСАЙ,

«Өрімтал» жас тілшілер байқауының

М.Зверев атындағы жүлде иегері