18.03.2019, 11:17
Қараулар: 74
«Түнгі сот» қанатқақты жобасы жанданбақ

«Түнгі сот» қанатқақты жобасы жанданбақ

 Қаратөбе аудандық сотының ғимаратының мәжіліс залында «Түнгі сот» пилоттық жобасын іске асыру туралы өзара түсіністік және өзара ынтымақтастық жасау туралы меморандумға қол қойылды. 

Жиында сөз сөйлеген аудандық сот төрайымы Бақытгүл Жәңгірова «Түнгі сот» пилоттық жобасы  шеңберінде отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы, қасақана жеңіл дене жарақатын келтіру, ұрып-соғу, ұсақ бұзақылық жасау, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері қаралатынын  атап өтті.

Пилоттық жоба азаматтардың тиімді әкімшілік сот ісін жүргізу құқығын қамтамасыз етеді. Жоба аясында судьялардың және сот кеңсесі қызметкерлерінің  жұмыс уақытының  тәртібі бойынша сағат 18-ден-22-ге  дейінгі уақыт аралығында жол жүру ережелерін бұзу туралы әкімшілік істер мен материалдар қаралатын болады.

Аудандық Ішкі істер органдарының уәкілетті лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 41-тарауын басшылыққа ала отырып, сот зерттеуіне жататын дәлелдемелерді жинауды және іс материалдарын сапалы қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

Тараптар Қақақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Түнгі сот» пилоттық жобасын қолдап, өзара түсіністік және өзара ынтымақтастық туралы меморандумға аудандық сот, аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімі, облыстық адвокаттар алқасының адвокаты, Қаратөбе ауылдық округінің кәсіпқой емес медиаторы арасында қол қойылды.

 

 

 

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы