29.11.2018, 15:11
Қараулар: 69
Төтенше жағдайларға дайындық пысықталды

Төтенше жағдайларға дайындық пысықталды

28 қараша күні Қаратөбе ауданы әкімдігінде аудандық төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы оздырылды. Аталған отырысқа аудан әкімі Жанат Асантаев төрағалық етті. Ауданда ағымдағы жылы төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында жоспарлы 4 отырыс болса, жоспардан тыс бір жиын өткен.

 Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе үстіміздегі жылы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша жұмыс қорытындысы және келер жылғы міндеттер туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Мэлс Ысқақов баяндап берді.

Мэлс Тілектесұлының айтуы бойынша ағымдағы жылдың 11 айында аудан аумағында 15 өрт және 10 далалық жану оқиғасы тіркелген. Азаматтық қорғаныс жүйесін дамыту, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды және өрт оқиғаларын болдырмау мақсатындағы жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде.

Отырыста көтерілген маңызды мәселелердің бірі аудан бойынша күзгі-қысқы мезгілге мал азығының дайындалуы туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Қанат Бадақов хабарлама жасады. Ол алдағы қыс мезгіліне аудан бойынша 61 590 тонна мал азығы дайындалғанын, сонымен қатар, 305 тонна мал азықтық жемі жеткізілгендігінен хабардар етті.

Күн тәртінде қозғалған әлеуметтік нысандар мен жол қызметтерінің 2018-2019 жылдардың күзгі-қысқы мезгіліне дайындығы туралы аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдос Әмірғали республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың жай-күйін, олардың күтіліп ұсталуы турасында баяндап берді. Ал білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салалары бойынша әлеуметтік нысандардағы жылыту маусымының өту барысы, ондағы түйткілді мәселелер бойынша сала басшылары хабарлама жасап, қойылған сауалдарға жауап берді.

2018 жылғы хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы  жөнінде аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Махамбет Қажыгереев хабарлама жасады.

Комиссия соңында аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев отырыста көтерілген мәселелер бойынша ауылдық округ әкімдеріне, бөлім басшыларына төтенше жағдайлардың алдын алуға байланысты ұсыныстарын білдірді.

 

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы