22.11.2018, 12:42
Қараулар: 353
Халықтың көңілінен шыққан мақала

Халықтың көңілінен шыққан мақала

 

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқып, рухымыз көтеріліп қалды. Шын мәнінде ойлап қарасаңыз бұл мақалада  Елбасының орамды ойлары халықтың көкейінде көптен жүрге мәселелерді көтерді. 

Халқымыздың төл өнері, төл мәдениеті деп қызмет істеп, тарихи құндылықтарымыз туралы тарихты тірнектеп жинап жүрген өлкетанушыларымыздың ойларын дөп басып, болашаққа айқын бағдарлама құрып берді деп айтуға толық негіз бар. Олай дейтін себебім, қаншама ғалымның, жазушыларымыздың осы бағытта жинаған құнды деректері қолдауын күтіп тартпаларында жатыр.  Міне, осындай дүниелердің жас ұрпақтың қолына қатталып, тың дерек болып тиюі үшін таптырмас мүмкіндік. Сол секілді шетелдің архивтерінде қаншама қазақ халқының тағдырына қатысты тың мәліметтер, қазіргі уақыттағы тарихымыздың күмәнді тұстарын нақтылауға қажетті тарихи деректер елге әкелінбей жатқаны баршамызға мәлім.

Елбасы өзінің мақаласын: «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деп бастауы тегіннен тегін емес. Міне, елбасы айтқандай кеңістік пен уақыттың көкжиегі тоғысқан  кезеңі келді деп айта аламыз.

Мақалада «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу туралы, және «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құру туралы ұсыныстары көңілге қонымды. Сонымен, қатар тарихи-археологиялық қозғалыстар құру туралы ұсынысы, бұл сонау көне замандардан бізге дейін жеткен тағдыры мен тарихы белгісіз тұлғаларымыздың, оларға тұрғызылған мазарлар мен кесенелердің тарихын  болашақта жаңа технологияларды қосу арқылы білуге зор мүмкіндіктер ашады деп ойлаймын.  Тек бұған ұйымдастыру барысында тиісті деңгейде көңіл бөлініп, барынша жанашырлықпен қызмет етуіміз қажет.

Нұрлан МЕҢДЕШОВ,

аудандық мәслихат депутаты,

М.Мералыұлы атындағы

тарихи-өлкетану музейінің

меңгерушісі