21.06.2019, 11:04
Қараулар: 483
Халыққа қызмет ету – үлкен мәртебе

Халыққа қызмет ету – үлкен мәртебе

Мемлекеттік қызметші – әрбір істе билік пен халық арасын жалғайтын алтын көпір. Алаштың көрнекті қайраткері Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген екен. Расында, білімі мен білігі толысқан, алайда қарапайым елге деген жанашырлығы жоқ жаннан келісті басшы шығуы екіталай. «Елге еткен қызмет – абыройлы міндет» деп білген мемлекеттік қызметшілер ауданның әрбір ауылында табысты еңбек етуде. Солардың бірі – Жусандыой ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ербол Бақытжанов.

Ербол Қайратұлы 1979 жылы Қаратөбе ауылында дүниеге келген. 2000 жылы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен ғалымагроном мамандығы бойынша білім алып шыққаннан кейін, еңбек жолын Қаратөбе аудандық статистика бөлімінің Жусандыой ауылдық округіндегі жетекші маманы болып бастайды. Кейін БҚО статистика жөніндегі есептеу орталығы еншілес мемлекеттік кәсіпорнының сұқбат алушысы болып жұмыс жасап жүріп, мемлекеттік қызметте тәжірибе жинақтайды. Мемлекеттік қызметтегі жұмысын 2015 жылдан бастап Жусандыой ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы ретінде жалғастырады.

Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз ісінің маңыздылығын сезінуі және елінің ұлтжанды азаматы болуы керек. Жауапкершілігі мол, көпшілікпен тез тіл табыса алатын, қызметіне адал Ербол Қайратұлына қарапайым халық та, әріптестері де құрметпен қарайды.

– Менің мемлекеттік қызметші болуыма тікелей әсер еткен адам – әкем Қайрат Бақытжанұлы. Ол өмірінің 40 жылын мемлекеттік қызметке арнап, жоғары жетістіктерге жеткен сала ардагері. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала кезден әкемнің жұмыс жасау стилін, жауапкершілігі мен адалдығын көріп өскендіктен, мемлекеттік қызметші болуды алдыма мақсат етіп қойдым. Содан ЖОО бітіргеннен кейін бірден мемлекеттік қызметке орналастым.

Бұл қызметті абыройлы, жауапкершілігі үлкен міндет деп білемін. Еліміздің дамуына, мемлекеттік бағдарламалар мен ҚР Президентінің тапсырмаларының жергілікті жерде жүзеге асырылуына өз үлесімді қосу, халыққа қызмет ету – үлкен мәртебе, – дейді Ербол Бақытжанов.

Мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет, сондықтан да кәсібилікпен бірге жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болғанда ғана халық сеніміне кіре аласың. Біздің кейіпкеріміз мемлекеттік қызметі барысында бірнеше рет облыс, аудан әкімдерінің арнайы алғысхаттармен марапатталды. Былтыр аудандағы «Үздік мемлекеттік қызметші» атанды.

Халық алдындағы жауапкершілікті сезіне білетін Ербол Бақытжанұлының алдағы жұмысына біз де сәттілік тілейміз.

 Ажаргүл ӘЛИЕВА