29.11.2018, 11:27
Қараулар: 53
ЦИФРЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ – КҮН ТАЛАБЫ

ЦИФРЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ – КҮН ТАЛАБЫ

Нұрзия СОҚАТОВА,

Қаратөбе ауданының мемлекеттік

 архивінің директоры:

 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Бұл бағдарламалық мақалада Елбасы  көшпенділер өркениетінің негізі болып табылатын таңғажайып «Аң стилін», «Алтын адам», «Ұлы Жібек жолы» бәрін анық көрсетті. Мемлекет басшысы төл тарихын білетін, бағалайтын  және мақтан ететін ұрпақтың болашағы зор болатындығын тілге тиек еткен. Сондықтан Елбасы мақаласы бүгінгі болмысымызды сараптап, болашағымызды бағамдауға арналған үлкен еңбек. Аталған еңбекте тарихи сананы жаңғыртуға зор мән берілген.

Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік архивтер дүниесіне іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауды ұсынды. Бұл – өте орынды идея. Себебі біз заман талабына сай дамуға тиіспіз.  Қазіргі технологияларды жан-жақты қолданған жөн. Жалпы бұл мақаланың халқымыз үшін маңызы зор. Себебі мұнда қозғалған мәселелер біздің өткен тарихымызға, біздің бүгінгіміз бен болашағымызға тікелей қатысты.

Архив деректерін тек жинап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен халыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіруді қолдаймын. Біздің Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві цифрлық форматқа көшіруді бастапта кетті. Болашақта аудандардың мемлекеттік архивтері де цифрлық форматқа көшеді деген сенімдемін.

Архив дегеніміз – ғылымның барлық саласына қатысты құжаттардың көзі, халқымыздың өшпес мұраты, еліміздің байлығы, асыл қазынасының бірі. Ондағы  әр құжатта адамдардың ақыл-ойы, сезімдері мен тағдырлары сақтаулы. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «тарих» пен «мұрағат» ұғымдарының бір-бірімен әрқашанда тығыз байланысты деуі сондықтан. Архив мемлекеттік те, жеке меншік те болады. Бірақ, қай нысанда болса да, архив халық игілігі үшін жасалады. Ол – мемлекеттің болашаққа қалдырар мұрасы.