5.05.2015, 10:56
Қараулар: 26
«Шейіт болғанын» БІЛМЕЙ КЕТТІ…

«Шейіт болғанын» БІЛМЕЙ КЕТТІ…

IMG_6523


Сабаз Арыстанов – Ұлы Отан соғысына қатысып, жауды өз ұясында талқандап, елге жеңіспен оралған жерлестеріміздің бірі. Бірақ ол 1943 жылы Смоленск түбінде қаза тапқандардың санатына іліккен. Майдан даласында шейіт болғанын өзі де, зайыбы да білмей кетті. Бұл деректі таяуда қыздары анықтапты.


1911 жылы Аңқатының Ақмешіт ауылында дүниеге келген ол 1942 жылдың қаңтар айында әскерге алынған. Үлкен қызы Ғалия Қожамұратованың айтуынша, әкесі №1013 атқыштар полкінің 285-атқыштар дивизиясына қарасты 2-минометтік ротаның бөлім командирі болған көрінеді. Калинин, Волхов, Батыс және I Украин майданына қатысқан. Әкесінің ағасы Сәлімгерей де аталмыш полк құрамында шайқасыпты. Соғыс біткесін екеуі де елге оралған. 1948 жылы әкесі өздерінің болашақ анасы болатын Үнзилә есімді қызға үйленген. Одан 13 бала көрген, бірақ соның жетеуі тұрақтаған. Сабаз Арыстанов бұрынғы Чапаев ауданына қарасты Еңбек кеңшарының орталығы болған Сүттігенді, артынан Талпын ауылдарында көп жыл МТС-да, жанар-жағармай бекетінде еңбек етті. Тың игеру кезінде Талпын ауылындағы азық-түлік қоймасына қойма меңгерушісі болып тағайындалды. 1970 жылдың соңында жүрек ауруының салдарынан қайтыс болды.

— Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай әкеміз туралы естелік ретінде отбасылық шағын кітапша шығарғымыз келіп, үйден бұл бағытта құжаттар таба алмаған соң облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментіне барған едік. Осы жерден әкеміздің 1943 жылы қаза болды деген хабарын естіп, жағамызды ұстадық. РФ Қорғаныс министрлігінің Ұлы Отан соғысында қаза болған және із-түзсіз жоғалып кеткендерге арнап ашқан «ОБД Мемориал» сайтынан мынадай дерек табылды: «Аристанов Саваз (1911 г.р.) – сержант, Западно-Казахстанская область, место призыва: Чапаевский район, Чапаевский районный военкомат. Место проживание Западно-Казахстанская обл., Чапаевский район, Анкатинский племенной совхоз 459, ферма 3. Последнее место службы: 134 СД, причина выбытия-убит, дата выбытия-04.09.1943 год». Ал Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай өңірімізден майданға алынып, соғыста қаза тапқан жерлестерімізге арналған «Боздақтар» кітабында: «Арыстанов Сабаз 1911 жылы туған, қазақ,  қатардағы жауынгер, 1943 жылы тамызда қаза тапты, Смоленск обл. Отря деревнясында жерленген» деп жазылған. Біздің сұранысымызға байланысты аталмыш департамент басшылығы әкеміз соғысқа алынған бұрынғы Чапаев, қазіргі Ақжайық ауданының  қорғаныс істері жөніндегі бөлімге телефон шалып, қажет құжаттарды іздестіру турасында тапсырма берді. Әкеміз жөнінде біраз материал табуға жәрдемдескені үшін осы сала басшыларына шексіз алғысымызды  білдіреміз, — дейді бүгінде Тайпақ ауылында тұратын Ғалия Сабазқызы.

Подольск қаласындағы Ресейдің орталық мұрағатының сайтында Сабаз Арыстанов 1942 жылдың 5 мамырында, 1943 жылдың 30 мамырында және 4 тамызында жаралы болғаны жазылыпты. «Соңғы жаралы болған мерзімі «Боздақтар» кітабындағы көрсетілген мәліметпен сәйкес келеді, — дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің маманы Серкебай Рамазанов. — Бұл зерде кітабын жазумен айналысқан жұмыс тобының мүшелері РФ Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласында орналасқан Орталық мұрағатында болған еді. Сондағы кейбір деректерде С. Арыстанов қаза тапты деп жазылса керек. Қыздарының айтуынша, ол кісінің ротасы 1943 жылы Смоленск түбінде қоршауда қалған. Алты ай бойы орманда қиын жағдайда өмір сүрді. Көп жауынгер қаза тапқасын оны да өлдіге есептеген сияқты».

Мұрағаттан алынған мәліметтерге қарағанда, кейіпкеріміз 1944 жылдың 31 наурызында Ленинград облысы, Островский ауданының Лобаны деревнясы маңында жаудың күшті қимылына тойтарыс беріп, 20 фашисттің көзін құртқан. Осындай ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Ал соғыстың соңғы жылының ақпанында Одер өзенінің батыс жағалауындағы Хермсдорф пунктінде өзінің минометімен жаудың жиырмаға тарта жауынгерін жержастандырып, қызыл әскердің деревняға кіруіне мүмкіндік туғызыпты. Екі-үш күннен кейін болған түнгі шайқаста немістің снайперлері мен көптеген автоматшысының көзін құртты. Бұл ерлігі мен қайсарлығы ескеріліп, оның өңіріне III дәрежелі «Даңқ» ордені тағылды. Ал наурыз айының соңында Нейссе қаласының маңында Опперсдорф пунктін алу жөніндегі тапсырманы да бұлжытпай орындап, жаудың 3 атыс нүктесін, оннан аса жауынгерін жойып, «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Ал елге оралған соң «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына 20 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» медальдарымен марапатталған.

Кейіпкеріміздің тағы бір қызы Жаңыл Арыстанованың айтуынша, соғыстан кейін әкесі Орал қаласына  келіп, түнде көшеде келе жатқанда, бұзақыларға тап болып, барлық орден-медальдарынан айырылған деген де дерек бар. Оны ешкімге айтпаған. Ал балалары кезінде балалықпен әкесінің құжаттарына да жете мән бермепті. Кеш болса да әділеттіліктің орнағанына риза.

Теректі ауданы Аңқаты ауылдық округінің үшінші бөлімшесінде тұратын зейнеткер Самат Әбдірахманов Сабаз Арыстановтың жеңіспен елге оралғанын көрген, қызметтес болған.  Ол азамат Арыстановқа Аңқаты ауылынан бір көшенің атын беру керек деген ұсынысын айтады. Бұл ерге көрсеткісі келген елдің құрметі болса керек.

 Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

“Орал өңірі”