1.03.2019, 15:02
Қараулар: 474
Ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Бүгін Қаратөбе ауданында аудандық сот төрайымы Бақытгүл Жәңгірованың төрағалығымен азаматтардың дауды тиімді шешу құқығын қамтамасыз ететін «Отбасылық сот» пилоттық жобасын іске асыруда ынтымақтастықты күшейту мақсатында келелі кеңес өтті.

Кеңесте қанатқақты жобаны жүзеге асыру үшін алты тарап өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

Жиында сөз сөйлеген Бақытгүл Жәңгірова тараптар Қазақстан Республикасының Азаматтық және отбасылық заңнамаларына сәйкес адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, кәмелетке толмаған балаларды, денсаулықты, қоғамдық имандылықты қорғау, сондай-ақ баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығы, балалардың ата-аналарының қамқорлығына құқығы, олармен бірге тұру және қарым-қатынас жасау құқығы, оның жан-жақты дамуы мен адамдық қадір-қасиетін құрметтеу және «Отбасылық сот» пилоттық жобасы іске асырудың мәні туралы тоқталып өтті.

Кеңесте ынтымақтастық пен жанұя бірлігін сақтауға бағытталған меморандумға аудандық сот, аудандық полиция бөлімі, аудандық білім беру бөлімі, аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық аналар кеңесі, Жусандыой ауылдық округінің кәсіпқой емес медиаторы арасында меморандумға қол қойылды.

Басқосуды қорытындылаған аудандық соттың төрайымы Б.Жәңгірова Алғыс айту күні мерекесіне орай әріптестік қарым-қатынаста нәтижелі жұмыс атқарып жүрген аудандық билер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиевке, Жусандыой ауылдық округінің кәсіпқой емес медиаторы Сырым Оразовқа, аудандық билер кеңесінің мүшесі Мәулен Қожахметовқа ризашылық білдіріп, алғыс хат табыстады.

 

 

 

 

 

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы