19.03.2019, 16:24
Қараулар: 385
Қазақы қасиет қанына сіңген

Қазақы қасиет қанына сіңген

Бүгінде ата дәстүрді жалғастырып, халық арасына насихаттап жүрген ер-азаматтар баршылық. Ұлт ғұрпын ұлықтап, бойына дарыта білген осындай бесаспап жігіттің бірі – ханкөлдік Қасым Қойшекенов. Қазақтың қанына сіңген атбегілікпен, тазы ұстаумен және ат әбзелдерін жасаумен айналысатын Қасымды көргенде еріксіз «Нағыз қазақ екен» дегің келеді.  

Тоқсаныншы жылдардың соңында мектеп бітірісімен Ханкөлден қаланың тірлігіне төселем деген ниетпен аттанған Қасым біраз жыл Орал қаласында тұрса да, жаны ауылды қалап тұратын. Сөйтіп, ауылға 2015 жылы түбегейлі қоныс аударған ол әкесі үйреткен істермен айналыса бастайды. Ауылға келісімен мал ұстап, бәйге атын жаратып, тазы жүгіртіп, ат әбзелдерін жасауға біржола бет бұрады. Қолы қалт етсе берен мылтығын асынып, құмай тазысын ертіп, табиғат аясында саят құруды әдетке айналдырған Қасым ауыл тірлігін өзіне жақын көреді.

– Әкем Аманжолдың жылқы танитын қасиеті бар. Сол кісіден ат әбзелдерін жасауды, қылқұйрықты жануарды күтіп бағудың қыр-сырын үйрендім. Аламанға ат қосқанды да ұнатамын. Қазір Нұрқасқа деген құнаным бар. Оны тай кезінен жараттым, Жусандыойда және ауылымызда ұйымдастырылған үш бәйгенің үшеуінде алғашқы болып келді. Онымен бірге Қарақұс атты тайды баптаудамын, – дейді сейіс.

Жүйрік жаратумен қоса әкесінен ат әбзелдерін жасау өнерін жетік меңгерген Қасым бұл жұмысқа да ептілік пен шыдамдылық керектігін айтады.

– 1996 жылдан бастап қамшы өре бастадым. Әкем қайыс илеп, өзі тіліп беріп, тоқытып жүрді. Алдымен сиырдың немесе жылқының терісін үш келі тұзбен тұздаймын. Арнайы бөшкеге қаймағы алынған сүтті қажетінше құйып, тартылған қарабидайды саламын. Содан соң аздап әк қосамын. Бөшкеде тұрып әбден ашығасын 10-12 күнде алып, теріні тілемін. Делбе өруге болса домалақтап, жүген немесе ноқта жасауға болса ұзыншалап, құлақбаулап кесемін. Теріні жүнінен айырып, сіңген тұзын шығару үшін тағы да сүтке салынады. Көлеңкеге әбден кептіргесін тоқпақтап, сосын ысамын. Әрі қарай пайдаға жарата берем. Әбзел жасауға соңғы жылдары түбегейлі көңіл бөліп, сұрағандарға тегін жасап беріп жүрмін. Жүгендерді жіптен де тоқимын. Жүген жасауға бір күн жеткілікті болса, қамшы өруге үш тәулік қажет. Қамшының сабына тобылғы ағашын қолданамын. Тобылғы өзі қисық өсетін ағаш. Оны қарағайдан жасалған тақтайға байлап, әбден кептіріп аламын. Дымқыл күйінде қамшысапқа пайдалануға болмайды, – дейді бұл іске әбден төселіп алған Қасым.

Қасымнан алдағы жоспарлары мен мақсаттарын сұрадық.

– Қазір ауылда тайға мінетін бала жоқ. Сол себептен жастар арасында ұлттық спорт түрлерін жаңғырту бағытында былтыр Ханкөлде ат шаптырып, той ұйымдастырдық. Алдағы сәуір айында да бәйге өткізіп, тай жарыстыруды ауыл жастарымен ұйымдастырғалы отырмыз. Ат әбзелдерін жасау кәсібін кеңейту мақсатында болашақта шағын шеберхана ашсам және түлкі, қоян терілерін илеп, пайдаға асырсам деген ниетім бар, – деді ол.

Әңгіме барысында соңғы екі жылда бие байлап, саууды қолға алғанын айтқан Қасым қымызға сұраныс мол, тіпті Оралдан, аудан орталығынан тапсырыспен алдыртатындар бар екенімен бөлісті. Соған орай көктем ортасына қарай ОралАқтөбе тас жолы бойынан киіз үй тігіп, қымызхана ашуды ойлап отыр. Бастағысы келген кәсібі туралы аудан басшылығындағы азаматтарға айтып, қымызхана орналасатын жер туралы кеңесіп, шаруаларды шешіп те қойыпты.

Серікбай ХАСАНОВ