21.06.2019, 10:37
Қараулар: 275
Қазіргі балалар құмда емес, жолда ойнайды

Қазіргі балалар құмда емес, жолда ойнайды

Жаз мезгілі – оқу жылының аяқталып, балалардың үш ай демалатын кезеңі. Демалыста олардың барлық уақытын ойынға арнайтыны белгілі. Осы орайда жазатайым оқыс оқиғалардың алдын алуға септігіміз тисін деген ниетте аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп балалар жол үстінде көп ойнайтын көшелерге барып, тұрғындармен жүздескен болатынбыз. 

Аудан орталығында 25 көше бар. Соның ішінде жол бойында балалардың көп жүретін, асфальт үстінде балғындар үнемі ойнайтын – С.Сейфуллин және Қ.Жұмалиев көшелері.

Алдымен аудан орталығының кіреберіс бөлігінде орналасқан С.Сейфуллин көшесінің бойын кешкісін күннің ыстығы қайтып, мал өрістен келер уақытта бағдарладық. Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Жанаргүл Ғарифоллиевамен бірге барған кезімізде балалардың жол үстінде асыр салып ойнап жүргендеріне куә болдық. Жол үстінде велосипедтерімен жүйтки жарысып жүрген бастауыш сынып жасындағы, одан да кіші он шақты баланы көрдік. Әрлі-берлі ағылған жүк машиналары мен жеңіл көліктерді өткізіп жіберіп, қайтадан алаңсыз ойынға кіріседі. Қайран, қамсыз балалық шақ. Қатенің аяқ астынан болатынынан бейхабар ғой олар.

Аудандық полиция бөлімінің қызметкері Жанаргүл Ғарифоллақызы балаларды жанына шақырып, жол үстінде ойнауға болмайтындығын түсіндіріп жатқанда мен де қарап тұрмай оларды шырт еткізіп суретке түсіріп, сөйлесіп пікірлесетін ересек адам іздей бастадым.

Өзін С.Сейфуллин көшесінің байырғы тұрғынымын деп таныстырған Гүлжан Әлмарданова немерелерінің жол үстінде ойнайтындығына қатты алаңдайды екен.

– Біздің көшеміз соншалықты ұзын емес. Қазір әр үйде 3-4 ойын жасындағы бала бар. Немерелерім далаға шықса бірге ілесе шығып, кіргенше сыртта соларды қараумен жүреміз. Ешкім де балаларын жұрттан кем қылғысы келмейді, велосипед, сырғанайтын тақтайша – бәрін алып береді. Кешкі 6-7-лер шамасында ойынға шыққан балалар әбден қараңғы түскенде барып үйге кіреді. Қазіргі балалар құмда емес, жолда ойнайды, – дейді Гүлжан апай.

Бүлдіршіндердің қауіпсіздігіне алаңдаған С.Сейфуллин көшесінің тұрғындары жергілікті билік арнайы орын белгілеп, балалар ойнайтын алаң салып берсе деген ойларын да жасырмады.

Аудан орталығында балалар ойнауға арналған екі алаң бар. Олардың бірі «Орталық саябақта» орналасса, екіншісі «Астана» саябағынан жеке кәсіпкер Талаптан Дауылтаевтың демеушілігімен былтыр ғана пайдалануға берілді. Алайда осы екі алаңның орталықтағы бар баланы қамти алмайтыны айтпаса да түсінікті жайт.

Балалар ойын алаңын салу жөнінде көше тұрғындарының ұсынысы жайында айтып Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Айдос Әмірғалиге жолыққанбыз. Бұл мәселеден хабардар екендігін жеткізген Айдос Орынбайұлы:

– Алдағы уақытта Құрманғазы және С.Сейфуллин көшелерінің қилысынан, «Жолаушы» дүкенінің қарсысынан тұрғындарға арналған тынымбақ салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Жоспарланып отырған демалыс орнында балалар ойнауға арналған қосымша алаң да қарастырылатын болады, – деді.

Осы уақытқа дейін биылдың өзінде бірнеше мәрте рейдке шығып, аталған көше тұрғындарымен жүздесіп, ескертулер жасаған учаскелік полиция инспекторы Жанаргүл Ғарифоллиева:

– Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көпшілігі балдырғандар қараусыз қалған демалыс кезінде тіркеледі. Ата-аналар әрдайым балаларының өз уақытын қайда және қалай өткізетіндігін біліп отыруы тиіс. Бүлдіршіндерге жол қозғалысына кедергі келтірмеу, жолда жүру ережелерін  сақтауды үнемі ескертіп отырулары қажет. Ата-аналар өз балаларының қауіпсіздігі үшін жеке жауапты болатынын есте ұстауы керек, – деді.

Тәртіп сақшыларының ескертулері орынды. Көлік қозғалысының күрделене түсуіне соңғы жылдары ауданда жеңіл көлік санының күрт өсуі де септігін тигізбей қоймайды.

Қалай болғанда да, балалар қауіпсіздігін бірінші орынға қоюымыз қажет. Құдай бетін аулақ қылсын, жазатайым оқиғалар орын алғаннан соң қимылдамай, алдын алғанымыз, әсте, дұрыс болар.

Серікбай ХАСАНОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар