28.05.2015, 7:15
Қараулар: 118
Қайта тіркелуге асығар емес…

Қайта тіркелуге асығар емес…

1350026999_1319175731_707


Сейсенбіде БҚО Әділет департаменті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Жеке кәсіпкерлік нысанына жататын заңды тұлғаларды тіркеу мәселелері» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Бұған облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, кәсіпкерлік палатасы және шағын несиелік (микрокредиттік) ұйым өкілдері қатысты.


Шараны жүргізген облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Светлана Батырханова бұл басқосудың мемлекеттің елімізде кәсіпкерлікті дамыту бағытында жасап жатқан жұмыстарын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отырғанын айтып, қатысушыларды  күн тәртібімен таныстырды. Аталмыш жиынға сала мамандарының арнайы шақырылғанын қаперге салған Светлана Жамбылқызы  осы шараға қатысып отырған кәсіпкерлерді күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша мамандармен кеңесіп, пікірлесуге шақырды.

Аталмыш департаменттің заңды тұлғаларды тіркеу бойынша жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұркен Хамбетов сөйлеп, жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеу саласында заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде әңгімеледі. Оның сөзінше, «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» ҚР Заңының 6 және 16-баптарына сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу немесе олардың таратылуын тіркеу үшін бюджетке тіркеу алымын төлеу алынып тасталды. Сондай-ақ ҚР АК 33-бабының 2-тармағына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғалардан бұдан былай  өз атауы жазылған мөр талап етілмейтін болды. Тағы бір назар аударатын нәрсе, бұл — кәсіпкерлік нысанды тіркеу мерзімінің айта қаларлықтай қысқаруы.  Бұдан былай кәсіпкерлер өз нысандарын халыққа қызмет көрсету орталықтарына құжат тапсыру арқылы қысқа мерзімде тіркете алады. Немесе электрондық тіркеу арқылы 1 сағаттың ішінде тегін тіркелулеріне болады. Ол үшін әр азаматтың жеке электронды сандық қолтаңбасы болуы керек. Сондай-ақ заңды тұлғаны тарату үдерісі де бүгінгі таңда біраз жеңілдетілді. Заңды тұлғаны тарату үшін оның басшысының осы жөніндегі өтініші мен мемлекеттік баж салымын төлегені жөніндегі  түбіртек қажет болады. Бұдан басқа  заңды тұлғаның таратылатыны жөніндегі шешім мен осы туралы газет бетінде жарияланған хабарландыру,  мөрді жою туралы акт, бұрынғы құрылтай құжаттары және  кедендік анықтама керек. Аталған құжаттарды түгел жинап болған соң, бұл құжаттар ХҚО арқылы облыстық әділет департаментіне келіп түседі.

Осыдан кейін сөйлеген департаменттің заңды тұлғаларды тіркеу бойынша жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Надежда Голубир микрокредит ұйымдарын қайта тіркеу жөнінде баяндады. Надежда Алексеевнаның айтуынша, «Шағын қаржы ұйымдары туралы» ҚР Заңына сәйкес микрокредиттік ұйымдар 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін мемлекеттік қайта тіркелуден өтуі немесе таратылуы керек. Ол үшін аталған ұйым өкілдері тиісті орындарға (облыстық әділет департаменті мен «ҚР Ұлттық банкі» ММ-ның облыстық бөлімшесіне) өтініш жазып, бұған шағын несиелік ұйымның шағын қаржылық ұйымға айналғаны жөніндегі ұйғарымды немесе ұйымның жұмысын мүлдем тоқтатқаны жөніндегі шешімді қоса тапсырады. Бұл жерде айта кететін бір нәрсе, шағын қаржылық ұйымдарға айналу үшін бұрынғы бірнеше микрокредиттік ұйымдардың бірігуіне болады шағын қаржылық ұйымдарды қайта тіркеуге төленетін баж салығының мөлшері 6,5 АЕК-ны құрайды. Сондай-ақ ұйымның жаңа жарғылық капиталы 30 млн. теңгеден кем болмауы керек.

Баяндамашылардың қысқаша хабарламаларына байланысты жиналғандар тарапынан қойылған сұрақтар көп болды. Соның ішінде микроқаржылық ұйымдарды жеке адамдардың сатып алу мәселесіне қызығушылық танытқандар біраз болды. Сондай-ақ тұтынушыларынан берген қаражаттарын жинай алмай жүрген ұйымдардың одан әрі әрекет ету жағдайы да  кеңінен талқыланды. Жиынды қорытындылаған Светлана Жамбылқызы облыста 33 шағын несиелік ұйымның бар екенін, бірақ, өкінішке орай, солардың барлығы дерлік күні бүгінге дейін қайта тіркеуден өтпей отырғанын айтып, қайта тіркелу мерзімінің аяқталуына аз уақыт қалғанын ескертті. Және бұл үдерісті мүмкін болғанша тездету керек екенін қадап айтты.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар