26.11.2018, 12:13
Қараулар: 646
Қаламы  қолдан түспеген

Қаламы  қолдан түспеген

2001  жылдың  наурыз айы.  Аудандық  «Еңбек туы»  газетінің  65  жылдығы, тәуелсіз  еліміздің  10  жылдығы және  13-рет  тойланғалы  тұрған  Наурыз  мерекесінің  қарсаңы  болатын. 

Газет редакторы  Қайыржан Хасановтың қызметке шақыруына байланысты редакцияға бет алған сәт еді. Редактордың бөлмесінің есігін қағып, кіре бергенім сол еді, алпысқа таяп қалған ағамыздың есіктің арғы жағынан «Кіріп көр» деген қуақы әрі құлаққа жағымды қоңыр үні естілді.

Қайыржан аға біраз сауалдан соң, «Бүгіннен бастап қызметке кірісесің, бізге керегі жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын қызметкер», – деді. Сол күннен бастап газеттің әдеби қызметкері болып, шығармашылық жұмысқа бет бұрдым.

Алғашқы күндері редакцияның хат бөлімінде қордаланып қалған хаттарды тіркеумен айналыстым. Жасаған жұмысыма қарап отырып, «Жұмысқа мұқияттылығыңды байқап отырмын. Жетекке ілесетін жігіт сияқтысың, лайым солай болсын», – деген Қайыржан ағаның ілтипатты сөзін жүрекке жақын қабылдадым. Ағаның осы бір сөзі менің шығармашылық жұмыспен айналысуыма үлкен жігер берді.

Қайыржан Төлегенұлы ыстығы мен суығы қатар жүретін газет жұмысына асқан төзімділік танытып, 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеді. Оның ішінде мазасыз, жұмысы қайталанып келіп отыратын, басқа салалар жұмысына мүлде ұксамайтын жергілікті басылым редакциясында зейнеткерлікке шыққанға дейін 12 жыл басшылық жасады. Осы жылдар ішінде ол кісінің көптеген кітаптары, өлеңдер жинағы кітап болып басылып шықты.

Қайыржан Төлегенұлының ауданның 90 жылдық тарихына қосқан үлесі зор. Жақында Қайыржан ағаның көзі тірісінде дайындап баспаға тапсырған үш кітабы жарық көріп, оқырманға жол тартты.

Шежіре қарттар айтып кеткен тарихи аңыз-әңгімелер, ауылдық округтердің бүгінгі тыныс-тіршілігі жазылған «Рухани жаңарған Қаратөбе» кітабы Қаратөбе ауданының 90 жылдығына арналған. Кітапта аудан тарихы, белгілі тұлғалар туралы мәліметтер берілген.

«Батагөй Ертай Сердалин» атты кітабы маусым айының басында шыққан еді. Бұл кітапта халқымыздың бай ауыз әдебиетінің бір үлгісі – бата берудің шебері, аудандық, облыстық, аймақтық байқаулардың бас жүлдегері Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылдық округінің батагөй тұрғыны Ертай Сердалин туралы жазылған.

Биылғы тамыз айында жарық көрген «Айбас батыр» атты кітабы Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Қаракөл бойында өмір сүрген Айбас батыр жайлы баяндалып, тарихи деректер мен ауызекі аңыз әңгіме негізінде жазылған. Бұл кітап – Айбас батырдың ұрпақтары және олардың игі жұмыстары туралы да біраз мәлімет беретін дүние.

– «Айбас батыр» кітабын әкем өзі дайындап кеткен болатын. Жетпей тұрған кейбір шежіре мәліметтері мен Айбас батыр қорымындағы құлпытастардың оқылуы еді. Сол деректер қосылып, тамыз айында осы кітапты шы-
ғардық. Айбас батырдың ұрпақтары бабаларының рухына арнап, ас беріп, кітап қонақтарға таратылды, – дейді әкесінің шығармашылық туындысының аяқсыз қалмауын қолға алған ағаның кенже ұлы Нұржан  Қайыржанұлы.

Үш кітап та Орал қаласындағы  «Шұғыла Принт» баспаханасынан басылып шыққан.

Қаратөбенің тарихына байланысты ізденушілердің көпшілігі Қайыржан ағаның келешек ұрпаққа мұра етіп қалдырған еңбектерін пайдаланып жүр.

Қайыржан аға ұзақ жылғы елеулі еңбегінің арқасында Қазақстан Республикасының құрметті журналисі, Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың құрметті профессоры, өлкетанушы, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы атанды.

Республикалық, облыстық басылымдарда еңбек сіңірген аға ұрпақ өкілдері арасында Қайыржан ағаның беделі жоғары болды. Облыста ақпарат саласында қызмет етіп келе жатқан Ғайсағали Сейтақ, Бауыржан Ғұбайдуллин, Роза Сыйықова, Ибрагим Жүсіпқалиев, Есенжол Қыстаубаев, Сырымбек Тұяқов сықылды ел азаматтарымен қоян-қолтық  жұмыс  істеді.

Ағаның жолын ұстанған ұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғабит Хасанов та газетімізге көптеген тұшымды мақалаларын жиі жолдап отыратын. Аға тарихи мақалалар дайындау мақсатында ел ағалары, көненің көзі қариялармен көп кеңесетін. Олардың айтқан тарихи әңгімелерін  қағазға түсіріп, газет сандарына жиі беріп отырды.

Өзгеге шапағатын тигізіп жүретін ағаның достары да көп болды. Соның ішінде бала кезінен Қайыржан ағамен бірге өскен белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Құрманғазы Қараманұлы өзі қызмет істеген газет редакциясына жуырда телефон шалып, Қайыржан ағаның шығармашылық жұмысы, ол кісінің қасиеті туралы сыр шертіп, газеттің бүгінгі тыныс-тіршілігіне көңіл бөлді.

«Қайыржан досымның 100-ге тарта кітабы бар. Ол Қаратөбедегі көптеген адамның еңбегін дәріптеп жазды. Туған жер тарихына байланысты көп ізденді, тер төгіп еңбек етті», – деп әңгіме тарқатқан Құрманғазы аға,
құлын-тайдай тебісіп бірге өскен досы Қайыржан ағай қайтыс болғанда өзінің қатты сырқаттанып, елге келе алмағанын айтып, елге сыйлы болған досы Қайыржан ағаны есіне алды.

Қайыржан аға өз қызметін мықты меңгерген, жұмысқа талапшыл редактор болды. Ол кісі кадр таңдаудың шебері еді. Бас есепші болып қызмет істеген Мақпал Нұғыманова апамыз редакцияда 22 жыл табанды еңбек етіп, зейнеткерлік  демалысқа  шықты.

Жан-жақты білікті, қасиеті мен іскерлігі қатар жүретін Қайыржан ағамыз қазір арамызда жоқ. Ол кісінің соңында өнегелі істері мен шығармашылық жолындағы еңбектері қалды. «Орнында бар оңалар» демекші, әке жолын жалғаушы, көпке үлгі тұтарлық ұлдары мен елге қадірлі ардагер ұстаз, зайыбы Ырысты апа бар.

Кішіпейіл, көпке жанашырлығымен ауылдастарына сыйлы болған ағаның шығармашылық ісі елдің ертеңі келешек ұрпаққа өнеге, есімі әріптестері мен замандастарының, жерлестерінің жадында.

 

Ерболат   РАЙСОВ,

Қазақстан   Журналистер одағының  мүшесі,

 

 

Түсініктеме

Ерболат аға,

Керемет мақала екен, рақмет,
Осылай әкеміздің туған күні қарсаңында жазған мақалаңызды оқып бір жақсы болып қалдым.

Қаламыңыз талмасын, рақмет.

Нұржан