7.02.2019, 16:07
Қараулар: 729
Қалдықтарды өңдеп, кәдеге жарату – өмір талабы

Қалдықтарды өңдеп, кәдеге жарату – өмір талабы

    Елімізде ағымдағы жылдан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды  бөлек сұрыптап жинау жұмыстары қолға алынуда. Аталмыш мәселеге орай өткен жылдың соңында эколог мамандар ауданымызға арнайы келіп үстіміздегі жылдан бастап Заң шеңберінде өзгерістер енгізілетін мәселеге түсінік жұмыстарын жүргізген болатын. 

2019 жылдың 1 қатарынан күшіне енген Экологиялық Кодекстің 30 — бабына сәйкес Қазақстан полигондарында пластмасса, пластик, полэтилен,  картон және қағаз қалдықтары, құрамында сынап бар жарықшамдар мен аспаптар, шыны қалдықтары, түсті және қара металл сынықтары, батареялар, электрондық және электр жабдықтары қалдықтарын көмуге тиым салынады.  Ал, 2021 жылдың  1 қаңтарынан бастап азық-түлік және құрылыс қалдықтарын полигондарға көмуге болмайды.

Қазіргі таңда пластикалық ыдыстар күнделікті тұрмыста  кеңінен қолданылады. Бұл ыдыстар мен полэтилен сөмкелердің   уақыт пен қалтаны үнемдеуі және пайдалануға жеңілдігі болғанымен екінші жағынан қоршаған ортаға зияны зор.

Ауаға зиянды заттардың бөлінетіндігінен  бір рет пайдаланылатын пластик ыдыстарды отқа жағуға болмайтындығын ескергеніміз жөн. Сондықтан оларды  қоқысқа лақтыруға тура келеді. Ал арнайы орынға тасталған заттар қоршаған ортаны  түгел қоқыс аумағына айналдыруы ықтимал және олардың адамның денсаулығына тигізетін зияны баршаға мәлім.

Біз әңгіме қозғағалы отырған қазіргі таңдағы басты мәселе тұрмыстық қатты қылдықтарды арнайы орынға бөлек-бөлек жинап, сұрыптау, қайта өңдеу және оны  кәдеге жарату. Бұлай жасалмаған жағдайда жыл сайын қалдықтардың орасан зор көлемінің қалыптасуы  және олардың жылдап сақталуы күрделі экологиялық жағдайға әкеліп соқпақ.

Аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі басшысының міндетін  атқарушы  Нұрбек Ақсұлтановтың айтуынша  жыл сайын жинақталатын қатты тұрмыстық қалдықтар:  қағаз қалдықтары (макулатура), пластик және тамақ қалдықтары әлі күнге полигонға көмілуде. Өзекті мәселелердің бірі-қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру бағытында аудан бойынша пластик құтыларды жинауға  34 дана торлы  контейнер, 45 дана қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер сатып алынып, бұл контейнерлерге арнайы 22 орын әзірленген. Сонымен қатар, Қаратөбе және Шөптікөл ауылдарының  сарқынды ақаба суларын жинауға арнайы  жер телімі бөлініп, аудандық бюджеттен 500 мың теңге қарастырылып, айналасы қоршалған ассенизация алаңының құрылысы салынған. Облыста қайталама шикізаттар: пластик, шина, резеңке, қағаз қалдықтары, картон және тағы да басқа қалдықтарды жинау және оларды өңдеумен айналысатын 10-нан аса кәсіпорын  тіркеліп, жұмыстануда. Олар «Гамма реал» ЖШС (пластик ыдыстар), «Антей» ЖШС (пластик ыдыстар, пластмасса бұйымдар), «Усенов» ЖК (қағаз қалдықтары),«Арктур» ЖШС (пайдаланылған матор майлары мен жүзгіштерін),  «Мега-Жазира» ЖШС  (сынап құрамды шамдар, компьютер, процессор), «Губер» ЖК (ауто резеңкілер).

Ауданда бұл бағытта қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинау бойынша тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын  жүргізу  мақсатында 17 дана бильборд  алынып, оның үшеуі Қаратөбе ауылдық округіне бөлінген.  3300 дана жадынама дайындалып, тұрғындарға таратылған.

2017 жылы аудан орталығындағы Мұхит және Сырым Датұлы көшелерінің бойына халықтың денсаулығын және қоршаған ортаны химиялық элемент сынаптың зиянды әсерінен қорғауды қамтамасыз ету мақсатында құрамында сынап бар құралдар мен бұйымдарды жинау, сақтау және оларды қайта өңдеп кәдеге жаратуға арналған екі арнайы контейнер орнатылды. Бұл контейнерлер сынаптың қоршаған ортаға, ауаға, суға таралмауына бірден-бір кепіл. Сондықтан мұндай контейнерлер орнатудың тіршілік үшін маңызы айырықша. Құрамында зиянды сынып бар жарық шамдар, сағаттарға және түрлі құрылғыларға қолданылған батареяларды, адамның қызуын өлшейтін (градусниктер) тағы да басқа істен шыққан тұрмыстық бұйымдарды кез-келген жерге тастай салмай осы арнайы контейнерге  салу тиістігін аудан тұрғындары жіті ескерген жөн.

Айналамыздың ауасының тазалығы өз қолымызда. Айтулы мәселелерге түсіністікпен қарап, үлкен мән берсек болғаны. Бұл баршамыз үшін өте қажет.

Қалдықтарды бөлектеп жинау арқылы қайталама шикізат мөлшері көлемінің көбейетіндігін, қоқыс жинаушы кәсіпорындар мүдделеріне қалдықтарды бөлектеп жинаудан кейін қайталама шикізатты өткізуге мүмкіндік болатындығын, тұрмыстық қалдықтарды өртегенде жану барысында ең уытты зат диоксин пайда болып, ол адам ағзасына сіңген жағдайда астма, аллергия, онкологиялық ауруларды тудыратындығын, осыған орай тұрғындарға қалдықтарды өртеудің зияндылығы туралы түсіндіру баршаға ортақ міндет екендігін алға тартқан Нұрбек Аманжолұлы:

– Тарифтеу мәселесі  әуелі  Алматы қаласындағы  «Оператор» ӨКМ ге жолданады. Содан кейін аудандық мәслихаттың шешімімен бекітіледі. Бұл жұмыстар көктемге дейін  жалғаспақ,  тарифтер бекітілмей  белгіленген орындарға аталған ыдыстарды  орналастыруға  болмайды. Тариф бекітілгеннен кейін орналастырылады, — дейді  сала басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Ақсұлтанов.

 

                                                                                         Ерболат РАЙСОВ