10.12.2018, 15:12
Қараулар: 134
Қалдықтар арнайы сұрыпталатын болады

Қалдықтар арнайы сұрыпталатын болады

7 желтоқсан күні аудандық  мәслихаттың мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиевтің, Батыс Қазақстан облысы бойынша Экология Департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Сырым Төлегеновтің, мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Төлеген Бақтығалиевтің, Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы  Фариза Сұлташеваның және ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен қалдықтарды шығару орындарының жай-күйін талқылауға арналған жиын өтті.

 Кеңесте  аудан көлеміндегі қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару орындарының  жай-күйі әңгіме өзегіне айналды.  Батыс Қазақстан облысы бойынша Экология Департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Сырым Бақтығалиұлы келер жылы экологиялық кодекске енгізілетін өзгерістер туралы түсіндіріп, алдағы жасалатын жұмыстардың бағыты туралы айтып өтті.

–  2019 жылдың  1 қаңтарынан бастап Экологиялық кодекстің 301-бабына сәйкес, Қазақстан полигондарында пластмасса, пластик, полиэтилен, макулатура, картон және қағаз қалдықтары, құрамында сынабы бар шамдар мен аспаптар, шыны қалдықтары, түсті және қара металл сынықтары, батареялар, электрондық және электр жабдықтары қалдықтарын көмуге тыйым салынады.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап азық-түлік және құрылыс қалдықтарын полигондарда көмуге тыйым салынады. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар биологиялық ыдырайтын қалдықтарды көмуді азайтуға бағытталған іс-шараларды, олардың рециклингі, компостирлеу, биогаз өндіру және өнім, энергия өндіру мақсатында пайдалану жөніндегі шараларды ұйымдастыру тиіс, — дейді Сырым Бақтығалиұлы.

Кеңес соңында аудан әкімінің орынбасары Рашит Нәсіпқалиұлы айтылған мәселелер туралы  тұрғындарға жеткізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс екендігін айтып, ауылдық округ әкімдерін жұмыстануға шақырды.

 

 

Ажаргүл ӘЛИЕВА,

Қаратөбе ауданы