1.03.2019, 19:22
Қараулар: 376
Қаратөбеде Алғыс айту күні аталып өтті

Қаратөбеде Алғыс айту күні аталып өтті

Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 1 наурыз – Қазақстан Ассамблеясының құрылған күні Алғыс айту күні деп белгіленген болатын. Осы атаулы күнге орай аудандық мәдениет үйінде «Қазақ еліне мың алғыс» атты концерт өтті.

1920-1930 жылдары қазақ елінің кең байтақ жеріне басқа елдерден департацияланған ұлт өкілдері келіп қоныстанды. Сонау қиын заманда біздің халқымыз сол түрлі ұлт өкілдерін мейірімділікпен, шексіз мейірбандықпен қабылдаған еді. Бұл күн – өзге ұлт өкілдері сұрапыл жылдарда өздерін мейіріммен қабылдап, бауырына тартқан қазақ халқына алғыс айтумен қатар, жалпы адамзат баласының да бір-біріне ризашылығын білдіретін күн.

Мерекелік концертте сахна төріне көтерілген аудан әкімі Жанат Асантаев:

– Бүгінгі көктем мезгілінің алғашқы күнімен және баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке қиын-қыстау жылдары қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы мен мейірімділігінің ұмытылмайтынын білдіреді.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының бірлігін нығайта отырып, татулық пен келісімнің бірегей үлгісін қалыптастырдық.

Ынтымақтастық пен өзара көмек сияқты берік құндылықтар біріктіруші күшке айналып, еліміздің болашағына деген нық сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Елімізге татулық пен тыныштық тілеймін!, — деді.

Салтанатты кеште аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары Рүстем Ақташев «Елім менің», Альфия Исламова «Джан-джан», Есен Ғұмаров пен Тұрсынбек Ахметов «Ару ана», Ақгүл Нығметова «Атамекен» әндерін шырқап көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Адандағы өзге ұлт өкілдері сахна төріне құрметпен шақырылып қырғыз ұлтының өкілі Чинара Ташматова, шешен ұлтының өкілі Ибрагим Хасинов өз тілдерінде құттықтау лебіздерін білдіріп, бірі өлең оқыса, бірі шешен биін билеп берді.

Бүгінгі айтулы күнге орай аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен «Мұхит жастары» ЖҚБ ұйымдастырған «Алғысым шексіз» тақырыбында үздік бейне құттықтау байқауында жеңіске жеткен Қаратөбе мектеп-гимназиясының оқушысы Жанер Жаңғабылұлы ұтысқа тігілген планшетпен және алғыс хатпен мапаратталды.

Концерт барысында «Мейірімді көктем» акциясы аясында арнайы жәшік қойылды. Қайырымдылықтан жиналған қаражат көп балалы және аз қамтылған отбасыларына табысталатын болады.

Концерт соңында Жасұлан Темірғалиевтің орындауындағы «Қаратөбем» әнімен сахна шымылдылығы жабылды.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы