7.03.2019, 16:10
Қараулар: 656
Қаратөбеде  Ақбөбектің   ательесі ашылды        

Қаратөбеде  Ақбөбектің   ательесі ашылды        

Бүгін Қаратөбе ауданында Елбасының  ағымдағы жылды  Жастар жылы деп жариялауына орай  аудан басшылығының қолдауымен Ақбөбек Асылбекқызының   «АА»  атты ательесі ашылды.

 

 

 

 

 

 

 

Аталмыш ательенің ашылу салтанатында аудан әкімі Жанат Асылханұлы  құттықтау сөз сөйлеп,  ашқалы отырған жігерлі жас, Қаратөбе колледжінің өндірістік оқыту шебері Ақбөбек Асылбекқызына  сыйлық табыстады.

–  Көктемнің шуақты мерекесіне тұспа-тұс келген шара  «АА» ательесінің тұсаукесеріне  қатысушы аналарымыз бен апа-қарындастарды   8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Шырайлы мерекеде  жақсы іс басталғалы тұр.

Елбасы биылғы жылды  Жастар жылы деп жариялады. Соған байланысты қазіргі таңда  жастарға  арналған  түрлі бағдарламалар  жүзеге асуда. Белсенді жастарымыз бұрыннан да қоғамдағы өз жолын тауып келеді.  Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылаудан жастарымыз қашпайды, белсене ат салысып келеді. Оны  қоғамымыздың, жастарымыздың өсуі деп білемін. Көптеген жастарымыз мемлекет тарапынан  берілетін қолдауларға ие болып жүр.  Түрлі  әлеуметтік мәселелерді зерттеуге өз тарапынан ынта білдіруші  жастарымызда  бар.

Ал өнерлі, қолы шебер жастарымыздың бірі Ақбөбек Асылбекқызы. Өткен жылы колледж ұжымында болған жастармен кездесуде  Ақбөбек: «Өзіміздің шәкірттеріміздің басын қосып ауданнан ателье ашсақ», — деп өз ойын айтқан болатын. Жалынды жас өз сөзіне тұрды. Керемет ателье ашылғалы тұрғанына бәріміз куәміз. Бұны Жастар жылына орай  ауданда жастар арасынан шыққан игі істердің бастамасы деп білемін. Бастамашыл жастың қадамына сәттілік тілеп, өңіріміздің дамуына өз үлесін қосады деген сенімдемін, — деді аудан әкімі Жанат Асантаев.

Шараның лента қию рәсімін Ақбөбектің ұстазы, ардагер ұстаз Күнсұлу Жұмажанқызы мен  аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұржамал Сәрсенқызы жүргізді.

Аудан басшысы жаңадан ашылған  тігін ательесінің жұмысымен танысты.

Кәсіп иесі А.Асылбекқызы  және  Ақбөбектің анасы  Нұрғаным Өтемісқызы ательенің тұсау кесер рәсіміне келген жұртшылыққа,  ательенің ашылуына  қолдау білдірген аудан басшысы Ж.Асылханұлы мен аудан әкімінің орынбасары Ж.Карелұлына, жан-жақты көмек берген колледждегі әріптестеріне шексіз алғысын жеткізді.

Ательде түрлі жұмыс атқаратын 3 мәшине бар. Өндірістік, әмбебап және торлау мәшинелерімен қоса басқада қажетті құрылғылармен жабдықталған. Түрлі киімдер тігумен жұмыстанбақ.

Ақбөбек Асылбекқызы грантқа ие болса  кәсібін дамытып, жұмыс күшін  арттыруды жоспарлауда. Әзірге бір адамды жұмысқа тартып отыр.

Алдағы уақытта материалдық базаны кеңейтіп, тігін ательесіне тағы да жұмысшыларды тартпақ .

 

                                                                       Ерболат  РАЙСОВ,

                                                                     Қаратөбе ауданы