3.09.2018, 20:17
Қараулар: 540
Қаратөбеде бес елді мекен таза ауыз сумен қамтылды

Қаратөбеде бес елді мекен таза ауыз сумен қамтылды

Бүгін облыс басшысы Алтай Көлгінов Қаратөбе ауданына арнайы іссапармен келіп, құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған Қаратөбе су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

 Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен ҚР Үкіметі қала мен ауылдық елді мекендер тұрғындарын сапалы, таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған 2011-2020 жылдар аралығына арналған «Ақбұлақ» бағдарламасын қолданысқа енгізді. Аталған бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар  атқарылуда. Игілікті істің айғағы ретінде бүгінгі күні Қаратөбе ауданында бес елді мекеннің сапалы ауыз сумен қамтылуын ауыз толтырып айтуға болады.

Ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қолжетімділігін арттыру, жергілікті халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатын көздейтін Үшана ауылынан басталған сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталып, ағымдағы жылдың тамыз айында толық аяқталған болатын.

«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Үшана елді мекеніне тартылған ауыз су құрылысының ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Алтай Көлгінов:

–  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Жолдауында таза ауыз сумен елді мекендерді қамту жөнінде тапсырма берген болатын. Жолдауды орындау мақсатында бүгінгі күні Қаратөбе ауданында 5 бірдей елді мекенге орталықтандырылған таза ауыз су құбыры жеткізілді. Игілікті шаруаның қызығын өздеріңіз көргелі отырсыздар.

 

Өңірлерді дамыту бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты аясында екі жылдың ішінде облысымызда 110 елді мекен  таза ауыз сумен қамтамасыз етілді, яғни 2 мың шақырым су құбыры тартылды. Соның 128 шақырымы аудандарыңыздың бес елді мекеніне жүргізіліп отыр. Бүгінгі көптен күткен қуанышқа қол жеткізулеріңізбен сіздерді құттықтаймын, — деді.

Салтанатты шарада ақжарма лебізін білдірген еңбек ардагері Аман Жүсіпқалиұлы Үшана ауылындағы елеулі қуанышты сәттер ауылда мектептің салынуы, газ құбырының жүргізілуін атап өтіп, бүгінгі таза ауыз су құбырының пайдалануға берілуін Елбасы Н.Назарбаев пен облыс басшылығының шалғай елді мекендерге жасаған үлкен қамқорлығы екендігіне тоқталды.

Шарада ауыл халқының алғысын жеткізген Аман Жүсіпқалиұлы өңір басшысы Алтай Сейдірұлына өзінің «Үшана тарихы» атты анықтамалық жинақты сыйға тартты.

Үшана халқы үшін тарихи сәт болған ауыз су құбырын іске қосу рәсімін еңбек ардагері Аман Жүсіпқалиұлы мен жобаның бас мердігері «KazConstructionGroup» ЖШС-нің бас директоры Мұратбек Мұхамбедиев жүргізді.

Бес елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтыған жобаға бюджеттен  915 041 96 млн. теңге қаралған. Су құбыры желісінің жалпы ұзындығы 128, 762 шақырымды құрайды.

Жоба құрылысын жүргізуші бас мердігер «KazConstructionGroup» ЖШС-нің бас директоры Мұратбек Мұхамбедиевтің айтуынша Қаратөбе су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі елді мекендерге  су құбыры желісі толықтай тартылған. Нәтижесінде 823 нысан су жүйесімен жабдықталып, бес елді мекендегі 4231 тұрғын таза ауыз сумен қамтылды.

Үшана ауылындағы сумен жабдықтау жүйесінің ашылу салтанатынан соң өңір басшысы Алтай Көлгінов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасына сай «KazConstructionGroup» ЖШС-нің бас директоры Мұратбек Мұхамбедиевтің өз қаражаты есебінен Үшана ауылына салып берген фельдшерлік пунтінде болды. Елге жанашырлық танытқан азаматқа алғысын айтып, фельдшерлік пункттің жұмысымен танысты.

 

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

 Суреттерді түсірген:

Райымбек АБАЕВ