1.07.2019, 17:52
Қараулар: 104
Қаратөбеде Домбыра күні  аталып  өтті

Қаратөбеде Домбыра күні  аталып  өтті

Бүгін Қаратөбе ауданының орталық алаңында қазақтың жүрегі – қастерлі  домбыраның  төл мерекесіне арналған «Домбыра күмбірі»  атты  сазды шара өтті.

 

Қазақ өнерінің асыл діңгегі қасиетті қара домбыраның  салтанат құрып, рухымыз асқақтаған мерейлі күнде 30 домбырашы  күй күмбірімен орталық алаңды ұлттық әуенге бөледі.

Мерекелік шара  30  домбырашының   Құрманғазының   күйі «Адайды» орындаумен бастау алды.

Құрманғазының күйі  «Терісқақпайды» жас домбырашы  Қайрат Байғұтты,  «Талас» күйін Самат Акимов, Қайрат Байғұтты, Мейірбек Махсот  сынды күйшілер үштігі орындады. Одан соң

«Інжу» би ансамблінің орындауындағы «Домбыра» биі керемет көрініс тапты.

Жезтаңдай әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің   «Әнші дауысы» әнін әуелеткен жас әнші Айнара Қазақбаева ән орындау шеберлігімен көрермендер қошеметіне бөленсе,  домбырашыларды орындауындағы Құрманғазының  «Балбырауын» күйі шараға қатысушыларды бір серпілтіп тастады.

Домбыра күніне арналған  мерекелік шара  аптаның  сәрсенбі және жексенбі күндері жалғаспақ.

 

                                                                             Ерболат РАЙСОВ,

                                                                              Қаратөбе ауданы