6.12.2018, 22:58
Қараулар: 84
Қаратөбеде «Жыл үздігі – 2018» жастар сыйлығы байқауы өтті

Қаратөбеде «Жыл үздігі – 2018» жастар сыйлығы байқауы өтті

Қаратөбе ауданында «Жыл үздігі – 2018» жастар сыйлығы байқауының салтанатты марапаттау кеші өтті. Кеш барысында толайым табыстарға жеткен үздіктер, жастар сыйлығына ұсынылған тоғыз аталым бойынша мықтыларды анықтады. Аудандық мәдениет үйінде өткен дәстүрлі шараға аудан әкімі Жанат Асантаев арнайы қатысты.

 

 

 

 

 

 

 

Жалынды жастардың мерейін асырған шарада сөз алған Жанат Асылханұлы:

– Бүгінгі жастар болашақ Қазақстанның бейнесі. Жастардың бойындағы білімділік, адамгершілік, белсенділік, бастамашылдық еліміздің дамуы мен өркендеуінің кепілі дегім келеді. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта жастардың санасы, қоғамға деген көзқарасы өзгерді. Жаңашылдыққа жаны құмар жас толқын тәрбиеленді. Қазіргі таңда жастарымыз ел дамуының барлық салаларында айтарлықтай жемісті еңбек етуде. Ауданымызда 3992 жас бар, соның 2200-і түрлі салада еңбек етуде. Жетістіктері де жоқ емес.

Елбасымыз келер жылды Жастар жылы деп атады. Сіздерден алдағы жылы үлкен жетістіктер күтеміз. Талмай еңбектене берулеріңізге тілектестігімді білдіремін, — деді.

Мерекелік кештің марапаттау рәсімінде аудан басшысы Жанат Асантаевтың қолынан «Үздік жас спортшы» аталымын қазақ күресінен облыстық, аймақтық, республикалық жарыстардың жеңімпазы, Мұхит атындағы ЖОББМ-нің 10-сынып оқушысы Мұқағали Өтепов алды.

 

 

 

 

 

 

 

«Үздік жас көшбасшы» арнайы аталымымен талай сындарда педагогикалық шеберлігін көрсете білген Мұхит атындағы ЖОББМ-нің бастауыш сынып мұғалімі Айзада Дүйсекенова марапатталды. Ал «Үздік жас маман» аталымына республикалық «Талаптансаң тартынба» ақындар байқауының бас жүлдегері, Егіндікөл ЖОББМ-нің тәлімгері Еркінғали Жұбанов ие болды.

Байқау қорытындысында «Үздік жас кәсіпкер» аталымына Аққозы ауылдық округінің жеке кәсіпкері Досжан Ізімов лайық деп танылды. Досжан қой шаруашылығын асылдандыру бағытында мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қажырлы еңбек етуде. «Досжан» шаруа қожалығына жетекшілік етіп отырған кәсіпкер биылғы жылы Бесоба ауылдық клубын 3 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізіп берді.

«Үздік жас ұстаз» аталымымен өзі де оқушылары да республикалық байқаулардың жүлдегері атанып үлгерген Қаратөбе мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Жадыра Хабибуллина марапатталды.

Жас та болса талай өнер додаларынан жүлдесіз қайтпаған жас дарын, қазіргі таңда Жамбыл ЖОББМБ-ның география пәнінің мұғалімі Елдос Өтеген «Үздік жас өнерпаз» аталымын еншілесе, «Үздік жас ғалым» аталымы ғылыми-практикалық конференцияларда жетістігімен көзге түсіп жүрген Мұхит атындағы ЖОББМ-нің 11-сынып оқушысы Жазира Отарғалиеваға бұйырды.

«Үздік жас тілші» аталымымен жақсы жаңалықтардың жаршысы болып жүрген «Жайық Пресс»ЖШС Қаратөбе филиалы, аудандық «Қаратөбе өңірі» газетінің жауапты хатшысы Ажаргүл Әлиева марапатталса, «Үздік жас студент» арнайы аталымымен «YOUT BUISNESS WEEK» әлеуметтік және бизнес жобалар байқауының І орын иегері, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелері университетінің 2 курс студенті Елдос Иманмәліковке табысталды.

Үздіктерді марапаттауды аудандағы қоғамдық ұйым өкілдері мен бірқатар бөлім басшылары жүргізді.

Айта кетерлігі, аталған шарада қайырымдылық жәшігіне жиналған қаражат Үндістан елінде емделіп жатқан жерлесіміз Жұлдыз Жасталапқызының еміне берілмек.

 

Серікбай ХАСАНОВ

Қаратөбе ауданы