27.08.2019, 18:55
Қараулар: 462
    Қаратөбеде мұғалімдердің тамыз кеңесі өтті 

    Қаратөбеде мұғалімдердің тамыз кеңесі өтті 

     Бүгін Қаратөбе  ауданында  білім беру қызметкерлерінің «Келешекке кемел біліммен» тақырыбында аудандық  тамыз кеңесі  өтті.

 

 

 

 

 

 

 

Кеңестің пленарлық жұмысын кіріспе сөзбен ашып, аудан мұғалімдерін жаңа оқу жылымен құттықтаған аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшаұлы сала бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

–  «Ауданымыздың оқыту тәрбиелеу ісінде өзіндік із қалдырған, білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, бүгінгі білім беру ұйымдарының қалыптасуына сүбелі үлес қосқан ардагер ұстаздардың еңбегі ұшан теңіз. Оларға үнемі  құрмет көрсету әрбір шәкірттің, әр азаматтың басты міндеті деп санаймыз. Елдің ертеңі ұстазға байланысты десек бүгінгі мемлекетіміздің  дамуында ұстаздарымыздың  сүбелі үлесі бар. Сонымен бірге «Ұстаз» атты қадірлі мамандықты таңдап, бүгінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен  ауылға келіп, мұғалімдік қызметіне алғаш кіріскелі отырған жас ұстаздарға өз ісінің шебері болып, оқушы жүрегінен жол таба алатын «Ұстаз» атануына сәтті қадам тілеймін ,-деді сала басшысы Б.Ғарапшаұлы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұстаздар конференциясының пленарлық  жұмысының алғашқы сөз кезегі аудан әкімі Жанат Асантаевқа берілді.  Аудан басшысы  2018/2019 оқу жылында  білім беру саласында атқарылған жұмыстар және қол жеткізген жетістіктерімен қатар сала бойынша  алда тұрған келелі міндеттерге тоқталып, мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың  мұғалімдердің  еңбекақысын төрт жыл ішінде екі есеге өсіру туралы мемлекетке тапсырма беріп, абыройлы мамандық иелері ұстаздарға мемлекет тарапынан қарастырылып жатқан жан-жақты жағдай турасында әңгімеледі.

Кеңесте Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының  облыстық білім беруді ақпараттандыру орталығының бөлім басшысы Саягүл Алипбаеваның  «Батыс Қазақстан  облысының білім беру жүйесін цифрландырудың жол картасын іске асыру» атты,  «Өрлеу»  біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы  Батыс Қазақстан облысы  бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілін арттыру институтының  білім беру процесін психологиялық — педагогикалық қолдау кафедрасының аға оқытушысы, тренер Бибігүл Ғабдрахманованың «Жаңартылған білім беру мазмұны: ізденіс, тәжірибе, болашағы» атты,  Егінлдікөл жалпы жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Ақмарал Мұқанованың «Жаңартылған білім мазмұны негізінде табысты мектепті басқарудағы иновациялық қадамдар»,  Ханкөл орта мектебінің  орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұржанар Орынбасарованың «Жаңғыру жолындағы жас маман» атты хабарламалары тыңдалды.

Кеңес барысында  «Ыбырай Алтысарин  белгісімен саралжындық зейнеткер ұстаз Зәреден Өтениязов марапатталды.  Сонымен қатар  ҚР Білім және ғылым министрінің  Құрмет грамотасымен және ҚР Білім және ғылым министрінің  алғыс хатымен ауданның бір топ мұғалімдері марапатталды. Марапаттау рәсімін аудан әкімі Ж.Асантаев жүргізді.

Облыстық білім басқармасының  Құрмет грамоталары және Алғысхаттарын 15-ке  тарта аудан  ұстазы  иеленсе, 2018-2019 оқу жылы қорытындысы бойынша «Облыстың білім саласын жетілдіру жұмыстарының озық ұйымдастырылуы» байқауының «Ерекше балаларға – ерекше қамқорлық» атылымымен  Мұхит орта мектебі, «Ауданның білім саласын жетілдіру жұмыстарының озық ұйымдастырылуы» атты аудандық байқауының «Жаңашылдыққа қадам басқан ауыл мектебі»  аталымымен Қалдығайты орта мектебі марапатталды. Марапаттау рәсімін  Саягүл Ғаділжанқызы жүргізіп, аталмыш мектептерге сыйлықтар табыстады.

Тамыз кеңесінің пленарлық жұмысы мәреге жетіп, «Ізгілікті із…» атты  тарихи танымдық шежіре кітабының таныстырылымы жалғасты.

Қаратөбе аудандық білім бөлімінің қолдауымен және ҚазССР халық ағарту ісінің үздігі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин атындағы белгінің, «Ерен еңбегі үшін медалінің» иегері А.Мұхитовтың жетекшілігімен «Ізгілікті із… » атты тарихи танымдық шежіре кітабы жарық көрді.

Абай Шыныбекұлы атаулы тарихи танымдық шежіренің мазмұнымен таныстырып өзі жетекшілік жасаған редакция алқасына, аудан басшылығына, білім беру бөліміне ризашылығын білдірді.

90 жылдан астам аудан және ауданның білім саласы тарихын, аудан ұстаздарының елеулі еңбектері дәріптелген танымдық шежіренің тұсаукесер рәсімін аудан басшысы Жанат Асантаев пен редакция алқасының жетекшісі Абай Мұхитов жүргізді.

Абай Шыныбекұлы  тарихи танымдық шежіренің бір данасын салтанатты түрде аудан әкіміне табыс етті. Аудан басшысы басылымды шығарған редакция алқасы мен оның жетекшісіне жылы ілтипатын білдіріп, оларды алғыс хаттармен марапаттады.

 

                                                                  Ерболат РАЙСОВ,

                                                                 Қаратөбе  ауданы