24.07.2019, 19:16
Қараулар: 805
Қаратөбеде «Цифрлы әліппе» жүйесіне арналған семинар өтті

Қаратөбеде «Цифрлы әліппе» жүйесіне арналған семинар өтті

Қаратөбе мектеп-гимназиясының мультимедия кабинетінде «Цифрлы әліппе» жүйесі бойынша интерактивті оқыту семинары өтті.

 

 

 

 

 

 

 

«Цифрлы әліппе» маңызы арнайы электронды интерактивті – ақпараттық жүйесі арқылы латын графикасындағы жаңа әліпбиді онлайн оқыту. Латын графикасына негізделген ұлттық әліпби арқылы мәтіндерді таңбалау дағдыларын қашықтан меңгерту, қазақ тілінің жаңа жазуын оқыту, алған білімдерін интерактивті жаттығулар арқылы пысықтау мақсатында өткен семинарға түрлі саладан 50 маман қатысты.

Аталмыш семинарды өткізген Батыс Қазақстан облыстық «Қазақ тілі» қоғамының үйлестіруші-әдіскері Әсел Сағатбаева мамандарға түсінік жұмыстарын жүргізіп, «www.elatyn.kz» сайтына тіркелудің үлгісін көрсетті. Тіркелгендер тест тапсырмаларын орындап, «оқылым», «тыңдалым», «жазылым» сынды бөлімдерден сынақ тапсырды.

Семинар аясында қатысушылар жаңа қазақ әліпбиін меңгеруге арналған жедел жаттығулар мен тыңдалым тапсырмаларын және лексика-грамматика және оқылым-жазылым бағытындағы тест тапсырмаларын орындады.
– Біз семинар барысында латын әліпбиінің тарихы, қолданылу аясы жөнінде ақпараттармен таныстық. Латын әліпбиін меңгеруге арналған жазылым тапсырмаларын орындап, жаңа таңбалы әліпбиді сауатты жазуға дағдыландық. Маманның айтуынша сайт арқылы тест тапсырмаларын орындап, сертификат алуға болады екен. Жаһандану заманында ғаламтор арқылы қашықтан оқыту семинарлары ауданымызда жиі ұйымдастырылса екен,- дейді семинарға қатысушы Арайлым Нұрсұлтанова.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы