25.01.2018, 18:31
Қараулар: 882
Қаратөбеде қыс қызықтары тамашаланды

Қаратөбеде қыс қызықтары тамашаланды

 

Қаратөбе колледжі базасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрініс тапқан жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, адами-рухани, патриотизмге тәрбиелейтін «Отаным – тағдырым» базалық жобасы аясында мұз айдынының ашылуына орай ұйымдастырылған колледж студенттері мен мектеп оқушылары арасында «Мұз маржандары» атты шорт-тректен спорттық сайыс өтті.

 

Сайысқа Қаратөбе колледжі студенттері, Қаратөбе мектеп-гимназиясы, Мұхит атындағы ЖОББМ, Шөптікөл ЖОББ мектеп-балабақшасы оқушылары қатысып, өзара бақтарын сынады.

Мұз алаңқайына Қаратөбе колледжі студенттері жұптасып, мәнерлеп би биледі. Көрермендер жұптардың мәнерлер би билеу шеберлігі мен  өнерлерін тамашалап, құрмет көрсетті.

«Қаратөбе» спорт клубының әдіскері Бекболат Файзуллин жарыс ережелерімен таныстырып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа қатысушылар аяқтарына конькиді байлап, жарыс жолында сап түзеген шорт-трекшілер бір-бірінен оза шауып, зулай жөнелді.

Мұз алаңына шыққан спортшылар 50 метрді қыздар 4 айналым, ұлдар 6 айналым жүгіріп өтті.

Қаратөбе колледжі директоры Мәулен Салахаден  өз сөйлеп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады.

«Мұз маржандары» атты шорт-тректен спорттық сайыстың қорытындысында ұлдар арасында І орынды Әлшер Есенқұлов (Қаратөбе мектеп-гимназиясы), ІІ орынды Адият Сағынғалиев (Шөптікөл ЖОББ мектеп-балабақшасы), ІІІ орын Ақылбек Молдагереевке (Қаратөбе колледжі) бұйырды.

Ал, қыздар арасында І орынды Нұрай Базарбаева (Мұхит атындағы ЖОББМ), ІІ орынды Нұрлы Жақипова (Қаратөбе мектеп-гимназиясы), ІІІ орынды Баян Мерғалиева (Қаратөбе колледжі) иеленді.

Ойынға белсенді қатысқан Ернұр Қонысов, Толғанай Берікқызы да марапатталды.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы