26.10.2018, 18:03
Қараулар: 45
Қаратөбеде әлеуметтік сала қызметкерлері марапатталды

Қаратөбеде әлеуметтік сала қызметкерлері марапатталды

Бүгін Қаратөбе аудандық мәдениет-демалыс орталығында әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері күніне орай салтанатты шара оздырылып, бір топ сала мамандары марапатталды.

Аталмыш шараға аудан әкімі Жанат Асантаев бастаған  бір топ дербес бөлім басшылары мен сала мамандары қатысты.

– Әлеумет сала қызметкерлері ­­­– өмірлік жағдайға немесе әлеуметтік қорғауға тап болған мұқтаж азаматтардың мәселелеріне бейжай қарай алмайтын, әрқашан қол ұшын созып, көмек беруге дайын тұратын жандар.

Қайырымды, кең жүректі, әрдайым мұқтаж жандардың бабын таба білетін абыройлы қызмет иелерінің атқарып жатқан еңбектері қандай да болсын құрметке лайық. Мұқтаж жандардың қасынан табылып, қолұшын

созып жүрген сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, — деген аудан басшысы Жанат Асылханұлы осы саланың ауыр жүгін қиынсынбай, жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан сала мамандарын БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының Алғыс хатымен марапаттады.

Сондай-ақ әлеуметтік саланың дамуына өз үлестерін қосып жүрген  бір топ сала мамандары «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, аудандық жұмыс пен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытжан Жүсіпқалидың атынан да арнайы марапатқа ие болды.

Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

 

 

Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы