20.03.2019, 17:51
Қараулар: 78
Қаратөбелік шабандоздар бәйге шауып, көкпар тартты

Қаратөбелік шабандоздар бәйге шауып, көкпар тартты

 Ұлыстың Ұлы күніне арналған «Наурыз – көктем, Наурыз – думан жыл басы»  атты  Үшағаш ауылында өткен мәдени шара мен дала қызықтарын қалың жұртшылық қызықтады. 

Шығыстың күнтізбесі бойынша күн мен түннің теңескен көктем мерекесі, жыл сайын асыға күтетін жарқын үміт, жастық пен жаңару мерекесі, бүкіл әлемге бақыт пен бейбітшілік дарытатын ұлық мереке.

Наурыз мересімен шараға қатысушы қонақтар мен тұрғындарды Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Айдос Әмірғали, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мейрамгүл Кенжеғалиева, Қаратөбе аулының тұрғыны, зейнеткер Сағидолла Рахымғали жаңару мен жасарудың, ынтымақ пен татулықтың мерекесінде елімізге бақ пен береке орнауына тілектестігін жеткізді.

Мәдени шара қазақтың биімен  бастау алып, Ермахан Орынбасаров «Рухтастардың әні», Темірбек Мүйтенов «Сәуреш», Айзат Айдосұлы «Қаратөбе баласы», Назипа Ғұбайдулина «Елге сәлем» әндерін шырқады. Ауданымызға белгілі жас айтыскер ақын республикалық айтыстардың жүлдегері Райымбек Өтепов арнау айтып халықтың құрметіне бөленді.

Ауыл іргесінде мерекеге орай ақшаңқан күйіз үй тігіліп, жайылған дастарқаннан ақсақалдарға құрмет көрсетілді. Жер дүние жаңарған көктем мерекесінде амандықта бас қосқан қариялар риясыз көңілдерімен ақ баталарын берді. Алаңға арнайы тігілген алтыбақан жанына жиналған жастар жарасымды әзілдер айтып  арқа-жарқа болысты.

  Наурыз – барша халқымыз үшін ең ұлық мереке. Осындай атаулы күнде Үшағаш ауылының жастары бірігіп ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырып ауылдастарының ыстық ықыласына бөленді.

Дала төсін дүбірлеткен дала қызықтарының әсері бір бөлек. Алдымен 10 шақырымдық  аламан бәйгеге 10-ға жуық жаратылған ат қатысты. Жарыс жолына шыққан шабондоздар аттың басын жіберіп бәйгеден оза шауып, бірінші келуге тырысты. Оған жанкүйерлерде қиқу қосып қолдау білдірді. Осылайша өрбіген жарыста І орынды Мұрат Жапақовтың Жирен төбел аты мәре сызығын бірінші кесті. ІІ орынды Нұрболат Хангереейдің Ақбақай торысы иеленсе, ІІІ орынды Қанат Еркіновтің Торысы қанағат тұтты.

Ал, аударыспаққа ат үстінде отырысы мығым, білекті жігіттер қатысты. Салт аттылылар арасындағы сайыста Нұрбек Сағындықов өзінің мықтылығын танытып жеңімпаз атанды. ІІ орынды Мәди Кастовский иеленсе, ІІІ орын Сейілхан Қайырғалиевке бұйырды.

Қазақтың ұлттық  спорты түрлерінің ішінен алғашқылардың бірі болып Үшағаш ауылынада көкпар ойыны ойнатылды. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдайтын, епті нағыз жігіттер қатысаты. Атқа отыруды жақсы меңгерген, тақымы мықты шабандоздар үшін, шыдамдылық қажет болады. Ойынға көршіліс қос ауыл Соналы – Үшағаш ауылының жігіттері алаңда 20 минут бойы серке тартумен болды. Ойын барысында қарсыластарының қазандығына Мейзам Шарамеков екі рет салым салды. Нәтижесінде 0:2 есебімен Үшағаш  аулының жігіттері серкені өздеріне қалдырды.

Спорттық ойындардың соңын ала әлді жігіттер арасында өткен  арқан тартыста І орынды жергілікті жердің 1988 жылы туылған  жігіттер алса, ІІ орынды Соналы ауылының мықтылары, ІІІ орынды аралас команда иеленді.

Үшағаш ауылында өткізілген спорттық жарыстардың қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы