1.08.2018, 12:38
Қараулар: 367
Қаратөбелік Қасымхан ауласына бақыт құсының мүсінін орнатты

Қаратөбелік Қасымхан ауласына бақыт құсының мүсінін орнатты

Асқан ептілікпен төзімділікті талап ететін мүсін өнерін меңгерген қаратөбелік мүсінші Қасымхан Шоқанаев ауласына бақыт құсының мүсінін орнатты. Бұл – Қасымханның құс мүсінін жасаудағы алғашқы жұмысы.

 

35 жастағы Қасымхан Қаратөбе балалар шығармашылығы үйінің «Мүсіндеу» үйірмесінің жетекшісі. Ол құмнан күйдіріп түрлі бұйымдар жасап, мүсін соғумен 10 жылдан бері айналысып келеді. Өнердің ерекше түріне қызығушылық танытқан Қасымханның бүгінде қолынан шыққан 35-ке жуық туындысы бар.

– Мүсін жасауға қызығушылығым жиырма жастан кейін басталды. Үнемі мүсін өнерінің қыр-сырын зертеп, талабымды ұштадым. Өзімді тіпті басқа салада елестетіп көрген емеспін, — дейді мүсінші Қасымхан.  

«Бурабай» шипажайына демалуға барған Қасымхан, саябақтан бақыт құсының мүсінін көріп, мүсінге деген қызығушылығы оянады. Ауылға келісімен сол мүсінді өзі жасап көруге білек сыбана кіріскен. Туындыны екі ай уақыт ішінде жасап шығарған. Көлемі кішілеу болса да бақыт құсының мүсіні көптің танданысын тудырды. Мүсінге тоқымалы темір арқау (арматур), гипс, цемент, әктас, лак сынды құрылыс материалдары қолданылған. Құстың биіктігі 1 метр 20 см болса салмағы 90 келіге жуық.

Көбіне бұйымдарды құмнан күйдіріп жасаймын. Көлемі мен сапасына байланысты әртүрлі уақыт кетеді. Мүсін жасау үшін үлкен шыдамдылық керек. Бір кезеңінің өзі бірнеше күн, апта кетуі мүмкін және фантазия, идея мықты болуы керек. Құс мүсінін алғаш жасасамда, туындыма қызығушылар қатары көп,- дейді әуесқой мүсінші.

 

 

Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы