31.05.2018, 11:45
Қараулар: 77
«Қаратөбе сиезі» – арыстар арманы

«Қаратөбе сиезі» – арыстар арманы

Қаратөбе ауданында «Қаратөбе сиезі – Алаш тарихнамасының негізі» тақырыбындағы облыстық ғылыми конференциясы өтті.

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында және Қаратөбе сиезіне 100 жыл толуына орай өткізілген облыстық ғылыми конференцияға белгілі Алаштанушы тарихшылар, тарих ғылымдарының кандидаттары, Қаратөбе сиезіне қатысушылардың ұрпақтары, көршілес Қызылқоға, Ойыл, Сырым ауданы музейлерінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.

Айтулы шара азаттықты аңсаған Алаш зиялыларының басын қосқан «Қаратөбе сиезі» өткен тарихи орынға орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ұлт мүддесі үшін құрбан болған қайраткерлерімізді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Аудандық мәдениет үйінде өткен ғылыми конференцияға қатысушылар алдымен аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері ұйымдастырған «Алаштың рухани тұғыры – Қаратөбе сиезі» атты кітаптар көрмесімен танысты.

Конференция жұмысына төрағалық еткен аудан әкімі Жанат Асантаев:

– Сіздерді қазақ халқының атағы мен жарқын болашағы, Қазақ елінің  өз алдына тәуелсіз ел болуы үшін күрескен Алаш зиялылары қыстың көзі қырауда Қаратөбеге келіп, ІІІ Орал облыстық сиезін өткізіп, тарих қойнауына енген «Қаратөбе сиезіне» 100 жыл толу мерейтойымен құттықтаймын.

1918 жылдың 18 ақпанда өткен сиезге зиялы қауым өкілдері Ойыл, Гурьев, Орал, Жымпиты, Тайпақ өңірінің өкілдері және «Алаш» партиясының жетекшілері қатысқандығын тарихтан білеміз.

Ел азаттығын аңсаған қазақ зиялылары бас қосқан тарихи орынның ұмыт қалмай, халық жадында қайта жаңғыртылуының маңызы зор.

 

Тартысқа толы тарихымыздан сыр шертер ескерткішті қорғау мен сақтау, мән-маңызын насихаттау әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген жанашырлығы, мәдени мұраларға деген қамқорлығы болмақ.

2013 жылы қараша айында осы оқиғаның 95 жылдығына орай сиез өткен тарихи орынға ескерткіш тақта орнатылды. Тақта ұлт теңдігі, қазақ халқының жарқын болашағы үшін тәуелсіз ел болу жолында жанын пида еткен Алаш қайраткерлерінің  рухына арналды.

Ендігі мақсат – осының бәрін ел есінде қалдырып, жеткіншек ұрпаққа үлгі ету. Ұлт теңдігін ұлы мақсат етіп, ел азаттығын орнатуда ерен ерлік көрсеткен алаш қайраткерлерінің есімін ұлықтау ұрпақ парызы боп қала бермек, — деді.

 

Қаратөбе сиезінің өткеніне 100 жыл толуына арналған шарада Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, Алаштанушы, Ж.Досмұханбетов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті Дәметкен Сүлейменова «Алашорданың батыс бөлімі және Жаһанша Досмұхамедов», М.Өтемісов атындағы  Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев «Алаш арыстары: тарих һәм тағылым», Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманалин «Алаш тарихына қарсы бағытталған идеологиялық шабуыл», Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музей экскурсоводы Ақжол Маратов «Жаһаншаның мұрағаттағы іздері», Қаратөбе мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Айнұр Баймулдина «Алаш әскерінің құрылуы және қызметі» тақырыбында баяндамалар жасап, алаш арыстарының тәуелсіз ел болу жолында атқарған істеріне тоқталды.

Конференцияда сөз сөйлеген Ақтөбе облысы Ойыл ауданы, Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің меңгерушісі Рысбаева Балқия 1918 жылдың қараша айында Ойылда өткен Батысалашордашылардың ІV сиезі туралы мол мағлұмат берді.

Алаш ардақтыларына арналған шарада Қаратөбе сиезіне қатысушы қайраткерлердің ұрпақтары Сара Бижанова, Ертай Сердалин, Ким Федялин, Нұрлан Қуаншалиев, Ғалымжан Жанқадамовтар сөз сөйлеп ұлт теңдігі үшін күрескен айтулы тұлғалардың есімдерін тарихта қалдыру турасында ой-пікірлерін жеткізді.

Облыстық ғылыми конференцияның соңында аудан әкімі Жанат Асантаев шара қонақтарына алғыс хат пен естелік сыйлықтар ұсынды.

 

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

 

 

 

Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА,

Ж.Досмұхамедов атындағы

«Қайраткер» қоғамдық қорының президенті,

т.ғ.к. БҚИГУ профессоры, алаштанушы:

 

– Қаратөбе өңірінде облыстық денгейде ғылыми тәжірибелі конференция жоғары деңгейде өтті. Бұл конференция 31 мамыр – саяси қуғын-сургін кұрбандарын еске алу күніне тұспа-тұс келіп отыр. Жалпы ел болу үшін, халқымыздың болашағы үшін, ұрпағымызға үлгі болу үшін өткен тарихымызды біліп, оны таразылау үшін осындай ауқымды шаралар керек-ақ.

Қаратөбе өңірінен Алаштың ардақты қайраткерлері шықты. Сонымен қатар, осыдан 100 жыл бұрын Қаратөбе жерінде Орал қазақтарының үшінші сиезі өтті. Сиездің киелі өңірде өтуі сол кездегі Алаш зиалылыардың өте бір ұтқыр саяасаты болды. Себебі, тоғыз жолдың торабы, әрі қазақтар көп қоныстанған өлкеде қазақ халқының мемлекеттік құрлымын құру үшін маңызды болатын. Бірақ, өкінішке орай Қаратөбе сиезінде қазақ мемлекетін құру мәселесі кейінге қалдырылады. Қаратөбедегі сиез мемлекеттік құрлымды құрудын алғышарты болды деуге негіз бар.