7.02.2019, 15:25
Қараулар: 355
«Қариялар үйін мекендеп…»

«Қариялар үйін мекендеп…»

Жетімдер үйі. Түрме. Қарттар үйі. Бұдан біраз ғана бұрын бұл ұғымдар ұлттық санаға сыймайтын. Бірақ бүгінде аты үрейлі бұл үйлерден үрікпейміз де. Түрмесіне тентегі толса, жетімдер үйіне жетімегі жөнелтіліп, қарттар үйіне қариясы тоғытылып жатыр. Қайран қалу түк емес, қорқынышын айтсаңызшы.  Өткен аптада «Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» деген атау берілген мемлекеттік мекемеге бас сұқтым.

Атау берілген  дегенім, бұл жер – жалпақ тілмен айтқанда кәдімгі қарттар үйі. Бәлкім, осылай аталуының өзі де дұрыс шығар. Сыртқы  көк қақпадан өткенімде үлкен ауланың іші биік ғимараттарға толы. Әдемі бақ, орындықтар. Тап бір демалыс орталығы, шипажай дерсің. Күзетшінің нұсқауымен екі қабатты жасыл ғимаратқа өтіп, аталмыш мекеме директоры Әнуарбек Бақтыгерейұлы мен директордың әлеуметтік сала бойынша орынбасары Айгүл Махамбетқызына жолығып, келген жұмысымды айттым. Құшақ жая қарсы алған директор мен орынбасары мекеменің жұмыстары туралы баяндап берді.

Менің негізгі мақсатым облыс орталығында орналасқан осы бір қарттар үйіндегі қаратөбелік қарттар туралы мақала ұйымдастыру еді.

Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету стандартына сәйкес 8 бағыттағы қызмет түрімен барлық мекеме тұрғындарын қамтиды. Олар: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық.

Аталмыш әлеуметтік орталықта бүгінде 570 тұрғын тұрып жатыр. Олардың 240-ы қарттар мен мүгедектер, 305-і жүйке ауруларына шалдыққандар, 25-і жартылай стационар бөлімдерінде. Ал, олардың ең көбі, яғни 302-сі қазақтар.  Көңілге қаяу салатыны да осы.

Мұнда қарттарға барлық жағдай жасалған. Мекеме директорының айтуынша, осы жердің тұрғындарына 5 мезгіл тамақ беріліп, апта сайын тазалық жұмыстары жүргізіледі екен. Қарттар арнайы шипажайларға барып демалуға де мүмкіндік ала алады. Сонымен қатар, әлеуметтік еңбек қызметімен де қамтылған. Яғни, компьютер бөлмесінде, тігін цехында, шеберханада, т.б. орындарда еңбекпен шұғылданады.

Иә, бұл жерде барлық жағдай жасалғаны ауладан кіргеннен-ақ көрініп тұрды. Әрі қарай мекеме директорына қаратөбелік қарттармен кездескім келетінін айттым. Олар еш қарсылықсыз мені қарттар мен мүгедектер бөліміне алып барды. 260 адамға арналған ғимаратта 240 адам тұрып жатыр.

Алғашында ештеңе сезілмегенімен, үш қабатты ғимарат табалдырығын аттай бергеннен бір толқыныс пайда болды.  Ақ жаулықтылар мен қазақы тақиялыларды көргенде:
Дүниеге келер бір рет,
Дария-кеуде, тау мүсін.
Құрыштан құйған құдірет –
Қарттарым, аман-саумысың?! — деп Сағи ақынша арсалаңдап барып амандаса алмадым… Өйткені, жүрексіндім.  Мені қалай қабылдар екен дедім.

Осы бөлімнің қызметкерлерінің артынан ілесіп отырып үшінші қабаттағы бір бөлмеге келдім. Күн сәулесі түсіп тұрған бөлмеде көзінен нұры ойнаған ақ жаулықты жан қарсы қарсы алды. Ол – Қораш әже еді. Қасымдағы бағыттаушылар «Жерлесіңіз іздеп келді» дегенде әжей қуанышын жасыра алмады. Балаша мәз болған қарттың жүзіндегі қуанышты көріп бойым жеңілдеп, өзімді еркін сезіне бастадым. Хал-жағдай сұрасып, келген жұмысымды айтқаннан кейін, Қораш әже одан сайын ашыла түсті.

–  Қызым, саған не айтайын, бұл жердегі жағдайымыз жақсы. Төсек орнымыз тап-таза. Бес мезгіл тамағын береді. Моншамыз бар. Ауырып қалсақ дәрігерлер де қасымызда. Түн ортасы болса да бізді қарап, бақылап жүреді, — деп бастады Қораш апа әңгімесін әу дегеннен. Әңгіме барысында жер сұрасып, ру сұрасқаннан кейін, Алашаның қызымын деп едім, апа балаша мәз болды. Өз қызындай бауырына басып, құшақтап алды. Апаның көңілін түсіргім келмесе де, жолдасы, балалары туралы сұрадым.

– Балаларым да, жолдасым да о дүниелік болып кетті. Мына өмірде жалғыз қалдым. Күнкөріске қажет отын-суымды әкелу де үлкен мәселе болды.  Құдайдың бұйрығына көніп, жолдасымның үш жылдық садақасын өткізгеннен кейін осы жерге өзім келдім. Ауыл әкімі мен сол жердің қызметкерлері осында орналасуыма көмек берді. Міне, сөйтіп арнаулы мекемеге келгеніме жеті жылдың жүзі болды. Бұл жерде де достарым бар. Мұңымыз бен сырымыз бір жандарға айналдық. Бұл жерде жыртық көңілге жамау табамыз, — деп апа сәл мұңая бастады. – Апа, жасыңыз нешеде?-деп сұрағанымда, апам жымиып қана «18» деді. Сексеннің біреуіне шыққан апаның көңілі әлі жас. Ұзақ әңгіме арасында туған жерді, замандастарды сағынатынын айтты. Тәтті қиялымен немелерін сүюді армандайтын жадау көңілмен ұзақ сыр шертістік. Қоштасуға қимадым. Кетер сәтімде апам өз сөресінен сақтап қойған жемістерін алып, қолыма ұстатты. Көзіме еріксіз жас алдым.

Қораш ападан шығып, екінші қабаттың ұзын дәлізімен келе жатып, ашық тұрған бөлмеден шығып жатқан музыканы құлағым шалды. Тоқтай қалып, бөлмеге қарадым. Жанымдағы мекеме мамандары бұл бөлмеде де қаратөбелік қарттың тұратындығын айтқанда, бірден есік қағып бөлмеге кірдім. Екі көзін ақ басқан қария бізді орнынан тұрып қарсы алды. Жетпіс үшке келген ақсақал аудан басын түгелдей сұрап, сағынышын бірден жеткізді. Аудан орталығында ұзақ жылдар қызмет атқарған Баймағамбет ақсақалдың балалары қазір Орал қаласында тұрады. Жұбайы кіші баласының қолында екен. Ақсақалдың айтуынша, үш ұлы, бір қызы бар. Олар демалыс күндері қарияға келіп, жағдайын біліп, алып кетіп тұрады екен. Алайда, олардың қолына барып тұруды ойламайды. Балаларына артық салмақ салғысы келмейді қария. Мұндағылардың айтуынша, Баймағамбет қарт өте ұқыпты, таза.  І топ мүгедегі болса да, тамақты өзі әзірлеп, кірлерін де өзі жуады екен. Бұл жердегілер де ақсақалды ерекше көреді. Ақсақалдың да бұл ұжымға айтар алғысы шексіз. Әңгіме барысында қазіргі тұрмысы мен жағдайы туралы айтқан қария бір сәт көзіне еріксіз жас алды. Бетіндегі қатпарлы әжіміне тамшылаған көз жасы көп нәрсені ұғындырып тұрғандай. Біршама уақыт ақтарыла әңгіме айтқанымен, қарияның іштен тынып қалған сәті көбірек. Мұны мен де сездім. Өзі де біліп тұр. Бір сәттік үнсіздік. Бір сәттік сағыныш. Бір сәттік өкініш. Бәрі қарияның өз ішінде.  Ең бастысы, Баймағамбет ақсақал бұл жерде қоғамға керек екенін сезінеді.

Бұл арнаулы мекемеде қазіргі күні 21 қаратөбелік бар. Олардың бәрі бір-бірімен мұңдас, сырлас. Бір отбасындай бірге отырып, қоғамда болып жатқан жаңалықтарды талқылайды. Ұқсас тағдырлар бір-біріне демеу болады.

«Өмір-ай, қалтылдаған қайығы бар,

Қарттардың тек қартайған айыбы бар,

Бақтырған мұңлықтарды Үкіметке,

Көбінің үйде бала, зайыбы бар» — деген өлең жолдары осы кісілердің өмірінен сыр шертеді.

Қарты бардың – қазынасы бар. Сол қазынаны қажетсінбей, атасыз үйлері – батасыз, анасыз үйлері – панасыз қалған ұрпақ барын білдім. Болашақ бұлыңғыр көрінді. Себебі қартайғанда қараусыз, балаларының бағуынсыз қалған қаракөз жәудіреген көп жанар осыны сезіндірді.

             P.S. Қарттар үйіне барғанымда директордың орынбасарының бөлмесінен бір келіншекті кездестірдім. Туған сіңілісін өзге қолға тапсырып, қимай бара жатыр. Бұл амалдың жоқтығынан екеніне өзін сендіргендей. Көңілім құлазып сала берді…

Ажаргүл ӘЛИЕВА