28.02.2019, 10:25
Қараулар: 352
Қарлығаш – қуыршақ шебері

Қарлығаш – қуыршақ шебері

Теректі ауданының тумасы, бүгінде Қаратөбенің келіні Қарлығаш Бижанова былтыр БҚО кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы ұйымдастырған «БастауБизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқып, мемлекеттік грантқа қатысу үшін аудандық жұмыспен қамту мекемесіне бизнес-жоспарын тапсырады. Матадан, жіптен кішкентай бүлдіршіндерге арнап қуыршақ, кесте тігуге арналған бизнес-жоспары мақұлданып, 240 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болады.

Білімді, жас маман Қарлығаш – бала кезінен тынымсыз ізденістің адамы. Білімді деуіміздің себебі – ол 2008 жылы облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 мектепті «Алтын белгіге» аяқтайды. Одан әрі Алматы энергетика және байланыс университетін радио-техника, электроника және телекоммуникациялар мамандығы бойынша қызыл дипломға тәмамдап, осы мамандықтың магистратурасын да оқып алады.

2013 жылы қаратөбелік азаматқа тұрмысқа шығып, ауылда мамандығына сай жұмыс таба алмай, бірқатар жерде уақытша еңбек етеді.

Қол қусырып қарап отыруды жөн көрмеген Қарлығаш 2016 жылдан бастап ғаламтордан үйреніп, матадан, тоқыма жіптен қуыршақ, кесте тігу жұмысын әуелгіде хобби ретінде бастайды. Уақыт өте үздіксіз ізденісі қызығушылығын оятып, «Бастау-Бизнес» жобасын оқып, грант алуға бел байлады. Қол жеткізген қаражатына кестелеуге арналған «Janome» тігін мәшинесін сатып алып, іс бастады.

– Кәсібім өзіме ұнайды. Кестелеуге арналған тігін мәшинеммен түрлі заттарға ою немесе жазу жазамын. Сондай-ақ тапсырыс берген тұтынушыларға амигуруми, коннэ, тильда стилінде қуыршақтар тігемін. Соңғы кезде блайз стиліндегі қуыршақтар жасауды қолға алдым. Қуыршақ тігуге арналған материалдар қымбат болғандықтан ғаламтор арқылы тапсырыспен алдыртамын. Жасаған өнімдерімді 8 мың теңгеден бағалаймын, олар қалалық жерде 12 мыңнан кем түспейді, – дейді қолөнер бұйымдарының шебері Қарлығаш Рухоллақызы.

Он саусағынан өнер тамған ісмердің бұйымдарын сонау Австрия елінде тұратын қандастарымызға дейін тапсырыспен алдырыпты. Алматыдан таныстары, қаладан және жергілікті тұрғындар да ұнатқан қуыршақтарын сатып алатын көрінеді.

 

Серікбай ХАСАНОВ