6.03.2019, 10:25
Қараулар: 64
Қолы шебер Жұмажан әже

Қолы шебер Жұмажан әже

Көпшілік көзіне көп шалынбай жүрген ісмер, көпбалалы ана, немерелерінің сүйікті әжесі қаратөбелік үлгілі Жәнібековтар жанұясының ұйытқысы Жұмажан Қойтанқызы 56 жылдан бері тігін тігумен айналысып келеді. 

Жұмажан апа көп жыл аудандық орталық аурухананың бас есепшісі қызметін абыроймен ат­қарды. Еңбекқор жан зейнет­керлікке шықаннан кейін де қол қусырып қарап жат­п­ады. Сонау 5-сыныптан қол­ға алған тігіншілік өнерін жалғас­­тырды. Кеңес дәуірінде бауыр­лас Түр­кімен жерінде туыс ағасының қолында 3-4-сыныптарды оқыған Жұмажан апа ісмер­ліктің қыр-сырын жеңгесі Қоңыр­ша әжейден үйренген. Ата-бабадан жалғасқан өнерді келешек ұрпаққа жеткізуді жөн көрген Жұмажан апа құрақ көрпе тігумен айналысуда. Тозығы жеткен киімдерді жаңартып, жаңалап шығу да оңай шаруа емес. Осының бәрін асқан шеберлікпен жасап жүрген Жұма­жан апаның тігін мәшинесі осыдан 56 жыл бұрын алынған екен.

Қазір немерелерінде жаңа тігін мәшине болса да, ісмердің ата-анасы әперген көненің көзі іспетті мәшинесі өзіне қымбат, сонымен жұмыс жасағаны ыңғайлы дейді.

Бүгінде немересі мен жиені Рита мен Жансая әжелерінен үйреніп, тігін тігумен айналысып жүр. Төрде ілінулі тұрған Жансаяның қолынан шыққан әсем дүние көзге бірден шалынды.

Негізі Еркінбек аға мен Жұмажан апаның балаларының бәрінің қолы шебер. Бірі үй жөндеудің білгірі болса, бірі аутокөлік жөндеудің шебері, ал қыздары тігін тігу өнерін жақсы меңгерген.

– Мен бала кезімнен осы іспен айналысуды қаладым. Бұрындары қыдырып барған үйдегі көрпелерге көз салып, ұнатқандарымды үйге келіп жасайтынмын. Қазір көрпе тігудің не бір түрін ғаламтордан қарап, көңіліме қонғандарын тігемін. Тысына ою-өрнектер саламын. Қолымнан келгеннің бәрін немерелеріме үйретуді де ұмытпаймын. Ісмерлік – халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнерінің бірі. Бұл істі әр қыздың білгені жөн.

Түркіменстанның Тахта ауданының Арсенкидзе ұжымшарының төрағасы болған ағамның үйінде жатып, 3-4 сыныптарды сонда оқыдым.

5-сыныпқа келгенде ата-анама тігін мәшинесін алдыртып, іс тігумен айналыса бастадым. Өзің көріп отырған көрпелердің бәрін осы көнеден келе жатқан мәшинеммен тігіп жатырмын, – дейді қолы шебер Жұмажан апа.

 

Ерболат РАЙСОВ