30.10.2018, 11:49
Қараулар: 13
Қоскөлде волейболдан ашық турнир өтті

Қоскөлде волейболдан ашық турнир өтті

28 қазан күні Қаратөбе ауданына қарасты Қоскөл ауылдық округінде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және Қоскөл ауылының 60 жылдық мерейтойына орай волейболдан ерлер арасында ашық турнир өтті.

Турнир жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, ауылдық жерлерде командалық спорттың дамуына ықпал жасау және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатын көздеді.

Жарыстың салтанатты ашылуында округ әкімі Қанат Мұқанов, Қоскөл ЖОББМ-нің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Максим Мұқанов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Аталмыш турнирге көршілес Сырым ауданының құрамасы, Шыңғарлау ауданынан келген «Алмазный» командасы және Қоскөл, Аққозы, Саралжын, Жусандыой, Егіндікөл ауылдық округтерімен Шөптікөл ауылынан келген волейболшылар бақтарын сынады. Жарысты ұйымдастыруға Қоскөл аулдық округі әкімшілігі, «Қаратөбе» спорт клубы және ауыл жастары ұйытқы болды.

Қызықты әрі тартысты өткен ойын нәтижесінде Қоскөл ауылының құрама командасы көрермен қолдауымен турнир жеңімпазы атанды. Ал ІІ орынды Шөптікөл ауылының құрама командасы місе тұтса, ІІІ орын Жусандыой ауылының құрама командасына бұйырды.

Сонымен қатар жарыста «Үздік ойыншы» аталымымен сырымдық Бауыржан Бисқалиев пен шөптікөлдік Қайрат Төлешов, «Үздік байланыстырушы» аталымымен саралжындық Қараш Алдаберген мен шыңғырлаулық Асқар Давлетов, «Үздік шабуылшы» аталымымен сырымдық Рахымбек Қайырғалиевтер марапатталды.

 

 

Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы