21.02.2019, 11:29
Қараулар: 711
Құлмановтай болғым келеді

Құлмановтай болғым келеді

Мен «Жайық Пресс» медиахолдингі өткізген облыстық «Өрімтал» жас тілшілер фестивалінде республикалық «Айқын» газетінің  Бақтыгерей Құлманов атындағы жүлдесін қанжығама байладым. Асылында, Алаш қозғалысының қайраткері туралы  білетін жан некен-саяқ.

 

Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов – Алаш қайраткері,  Алашорда үкіметінің белді мүшесі, 1-2 Мемлекеттік Думалардың депутаты, шығыстанушы, алғашқы ғылым кандидаты.

Сол кезеңнің ащы шындығын айта білген, қоғам сөзін сөйлеген ол  алаштың ардақты ұлына айналды. Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан «Құлманов келмей, съезді бастамаймыз» деп, Орынборда күллі қазақты екі күн күттірген екен. Оның  мықтылығын осыдан-ақ байқауға болады. Алашорда үкіметі құрылғанда, оның төрағасына ұсынылған үш қазақтың бірі – Бақтыгерей Ахметұлы болатын.

Бүгінде Атырау қаласында Алаш қайраткерінің атына көше атауы берілген. Дегенмен қазақтың арда ұлының есімімен  бір ауылды атаса артық болмас еді?

Алаш арысын ұмытпай,  ұлықтап, насихаттауымыз  қажет. Тәуелсіз ел ретінде тамыры терең тарихымызға таңбалы із қалдырған, бастан небір қиыншылықты кешсе де ел үшін елеулі іс атқарған мұндай тұлғалардың есімін жадымыздан өшірмеуіміз тиіс. Бақтыгерей Құлманов – өз атын тарихқа алтын әріптермен жазған жандардың бірі.
Алаш азаматының  өмірі мен қызметін, саяси-құқықтық көзқарасын кең көлемде зерттеп, халыққа таныту – бүгінгі жас ұрпақтың міндеті.

Саябек БИСЕНҒАЛИ,

«Өрімтал» жас тілшілер байқауының

 Б.Құлманов атындағы жүлдесінің иегері