13.06.2019, 10:22
Қараулар: 201
Үздіктерге  құрмет көрсетілді

Үздіктерге  құрмет көрсетілді

 Қаратөбеде мектеп бітіруші түлектерге арналған «Талап, еңбек, терең ой…» атты үздіктер шеруі оздырылды.

Көңілдерін қимастық сезім билеген мектеп түлектері, ұл-қыздарының шашбауын көтерген ата-аналар, шәкірттерін үлкен өмірге шығарып салғалы тұрған ұстаздар осында бас қосты.

Мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Жанат Асантаев түлектерге өмірден өз орындарын тауып, алған білімдерін одан әрі тереңдетіп, тәуелсіз еліміздің игілігіне жұмсауға тілектестігін білдірді.

Ең алдымен сахна төріне ата-аналарымен көтерілген «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлерін аудан басшысы Жанат Асылханұлы алғыс хатпен марапаттап, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамыту бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған кітаптарды табыстады.

Салтанатты шарада шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие берген бірқатар білікті ұстаздарға аудан әкімінің алғыс хатымен 50 000 теңге сертификаты табыс етілді. Сонымен қатар, жыл бойы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу және  білім додасында үздік нәтиже көрсеткен оқушылар мен ұстаздар арасында Қаратөбе мектеп-гимназиясы, Мұхит атындағы орта мектеп, Жамбыл орта мектептері үздіктер қатарынан көрінді.

Білімнің қайнар көзіне айналған, дарынды шәкірт атаулыны бір арнаға тоғыстырған  аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларында шығармашылық, әскери-патриоттық, спорттық, туризм жарыстарында, басқа да түрлі байқауларда мектеп, аудан намысын абыроймен қорғаған оқушылардың есімдері ерекше мақтанышпен аталды.

Ұстаздар еңбегі мен шәкірттер жетістігі ұлықталған кеште ата-аналар атынан Батырхан Амангереев, түлектер атынан Б.Қаратаев атындағы Саралжын орта мектебінің «Алтын белгі» иегері Айнель Шайжан сөз сөйлеп, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарға алғыс айтып, жас түлектерге сәттілік тіледі.

Кеш соңында мектеп бітіруші түлектер көңілді әуен ырғағымен вальс биледі.

Мерекелік думанды кешті аудандық мәдени-демалыс орталығының әншілері әсем әндермен әсерлей түсті.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы