14.02.2019, 15:44
Қараулар: 603
Үздік үштік

Үздік үштік

Астана қаласының «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен жыр мүшәйрасының сырттай байқауына Егіндікөл жалпы орта білім беретін мектебінен үш бірдей оқушы кіші топ, орта топ және үлкендер тобы атынан қатысқан болатын. 

Мүшайраның басты мақсаты – Мемлекет басшысының  «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласындағы құндылықтарды дәріптеу, білім беру жүйесіне сай жас шәкірттердің ойлау деңгейі  мен шығармашылық қабілетін арттыру болды.

Жас ақындарымыз екі бағыт бойынша жұмыстанды. Бірі патриоттық рух тақырыбы болса, екіншісі таңдалған тапсырмалар арқылы лирикалық бағытта өлеңдер жазу. Мектебіміздің мақтаныштары сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындардан көрінді.

Кіші топ, яғни бастауыш сынып оқушылары арасынан 2-сынып оқушысы Диас Қайрат ІІ орынға ие болды. Аталмыш сайыстың орта топ оқушылары арасынан 6-сынып оқушысы Камилла Мәлік жүлделі І орынды жеңіп алды. Ал, үлкендер тобынан 10-сынып оқушысы Батырхан Әділ қоғамдық қор ұйымдастырған ақындар бәйгесінде ІІ орынға табан тіреді.

Сырттай өткен жыр мүшәйрасына Диас Қайрат «Патриот ұлдың жазғаны», «Анашым» өлеңдерін жолдаса, Камилла Мәліктің «Жазира далам – ұлы Отан», «Алтын күз» атты жырлары үздік деп танылыпты. Үлкен топ оқушылары арасындағы жүлделі ІІ орынды иемденген Батырхан Әділ «Елім деп соққан жүрегім», «Қоштасу» атты туындыларымен көзге түскен.

Үздіктер қатарынан көрінген Егіндікөл мектебінің оқушылары осыған дейін талай байқаулар мен жыр додаларынан топ жарып, жүлде алып жүрген талантты өрендер.

Сайысқа оқушы дайындап, додаға қосқан мектеп тәлімгері Еркінғали Қуанғалиұлы алғыс хатпен марапатталды.

– Жас ақындарымыздың қаламы қарымды, тың тақырыптар жазуларына  мүмкіндіктері мол. Ақындарымызға шығармашылық табыс тілеймін. Алар асуларың көп болсын! — дейді Еркінғали Қуанғалиұлы.

                                                               

Айбейханым СЕРДАЛИНА,

«Қаратөбе өңірі» газетінің жас тілшісі